Петропавлда «Заң және тәртіп» қағидаты аясында квест ойыны өтті

Жаршы

Квестке колледж студенттері қатысып, құқықтық білімін тексерді.

Сайыс барысында олар түрлі тапсырманы орындап, өзара үздікті анықтады. Сонымен қатар жастар полиция қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырып, интернет алаяқтық туралы мағлұмат алды.

«Ереже бойынша мәреге жет» атты квест ойынына 30 студент қатысты. Олар өзара командаларға бөлініп, орталық алаңда тапқырлық сайысын ұйымдастырды. Барлық тапсырма заңдарға байланысты болды. Бұл ретте жастарға құқық қорғау қызметкерлері де көмектесті.

Жұлдыз Тоқтарқазы, жастар ресурстық орталығының маманы:

- Бірінші станция ол «Заң» деп аталады. Дәл осы заң тұрғысындағы сұрақтарға жауап іздейді. Олардың барлығы жасырылған. Ең әуелі сұрақтарды табу керек. Содан кейін бапрып оның жауабын табу керек. Әрі қарай олар тағы жұмбақ ретінде келесі станцияның орнын анықтайды өздері тапқырлығымен. Әрі қарай жүгіреді.

Ал заңгер мамандығын таңдаған студенттер полиция қызметкерлерімен кездесті. Жиын барысында тәртіп сақшылары интернет алаяқтарының жымысқы әрекетін айтып, қылмыс деректерімен бөлісті. Бұл болашақ мамандар үшін пайдалы ақпарат болды.

Дамир Әбдин, қалалық жастар ресурстық орталығының директоры:

- Біз студенттерді волонтёрлік қозғалысқа тартамыз. Болашақ заңгерлер оқу бітірген соң зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға құқықтық кеңес береді.

«Мұндай шаралар қоғамның құқықтық білімін арттыруға мүмкіндік береді», дейді ұйымдастырушылар. Енді осындай кездесулер аудандар да өтеді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков