«Асыл мұра» аудиожинағы әлемдік 100-ден аса музыкалық платформада қолжетімді

Жаршы

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Бүгін «Қазақстан» телерадиокорпорациясы қазақтың ұлттық өнері топтасқан 6 бөлімнен тұратын «Асыл мұра» аудиожинағын көпшілік назарына ұсынды. Жоба «Ozen» музыкалық лейблымен бірге жүзеге асқан. Енді бұл жинаққа енген 1500 аудиошығарма әлемдік 100-ден аса музыкалық платформада қолжетімді.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің қатысуымен қазақ халқының ұлттық ән-күйі мен фольклорлық мұрасы топтастырылған «Асыл мұра» аудиожинағының тұсаукесері өтті. Салтанатты жиында сөз сөйлеген Мемлекеттік кеңесші «Асыл мұра» аудиожинағының жарыққа шығуы және ұлттық саз өнері мұрасының әлемдік платформаларда қолжетімді болуы төл мәдениетіміздің дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

Мемлекет басшысы келесі ойды айтты. Біз қазір жаңа дәуірге аяқ басып келе жатырмыз. Бұл дәуір цифрландыру, жасанды интеллект дәуірі. Сондықтан бұл жай ғана жинақ емес. Бұл болашақта Жасанды интеллект енді біздің мәдениетімізді өзінің есептеулерінде көрсін деген оймен шығарылды. Бұл жоба қазақ дәстүрлі өнерін әрі қарай да болашақ игілігіне жаратуға биімдеу, соған жағдай жасау. Сондықтан тағы да осы жобаға атсалысқан барша ұжымға, әріптестеріме алғыс айтамын.

Жинақтағы аудиошығармалар Apple Music, Spotify, Yandex Music, YouTube Music сияқты 100-ден астам әлемдік жетекші музыкалық платформаларға және «Қазақстан» телерадиокорпорациясының altynqor.com сайтына жүктелді. «Асыл мұра» жинағы әлемдік стримингтік платформаларға бір мезетте жүктелген аудиофайлдар көлемі бойынша отандық музыка тарихындағы ең ірі жоба. Бұл бастама «Ozen» музыкалық лейблімен бірлесе жүзеге асырылды.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы:

Бұл идеяның авторы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин. Бұл жұмыс осыдан 1,5 жыл бұрын басталды. Басы-қасында біздің корпорацияның 50-ден астам қызметкері жүрді. Өздерінің бос уақытында, күні-түні, демалыссыз, барлығымыз бірге осы жобамен айналыстық. Ең қиыны, біздің Қазақстан корпорациясының тарихы 67 жыл ғой, сондықтан біздің алтын қорда өте көп, құнды дүние сақталған. Міне, солардың ішінен ең үздік деген, ең құнды деген, ұлтқа керек деген 1500 тарихи аудиошығарманы таңдап алдық.

Иә, «Асыл мұра» жинағына 20 мыңнан астам музыкалық аудиоконтент ішінен ең бағалы әрі көне 1500 аудиошығарма топтастырылды. Талай жыл бұрын жазылған мұраның техникалық сапасын арттыру мамандарға оңай болмады.

Жинақтағы ең көне туынды осыдан бір ғасыр бұрын Әміре Қашаубаевтың орындауында жазылып алынға «Балқадиша» әні. «Алтын қорда» бұл шығарманың 24 әнші орындаған нұсқасы сақталған екен. Оның ең көне түпнұсқасы жинаққа еніп қана қоймай, енді миллиондаған тыңдарманға интернет арқылы қолжетімді болып отыр.

Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Цифрландырып, жаңаша форматпен, заманауи үлгіде халқымызға ұсынылып жатқаны бұл керемет, құптарлық жағдай. Алдағы уақытта бұның қанаты кеңейе түседі деп үміт артамыз. Мысалы, біздің айтыс өнері. Айтыс өнерін де осылай цифрландырып, осының қатарын кеңейте беруге болатын шығар деген ұсынысымыз бар.

Жинақ еліміздегі ұлттық кітапханалар қорына, Өнер университеттерінің кітапханаларына табысталады. Ал өзге де тыңдармандар үшін сатылымға шығарылады.

Ақниет Балтанова, тілші:

Бұл аудиожинаққа «Алтын қорда» сақталған 400 күй, 300 жыр-терме, 400 халық әні мен халық композиторларының әндері, 100 ертегі, 50 бесік жыры, сондай-ақ, 250 ретро хит ән енгізілді. Аудиожинақтың ерекшелігі – 1500 шығарманың көбі алғашқы авторлары айтқан түпнұсқа негізде тыңдарманға ұсынылып отыр.

Ақниет Балтанова