Мемлекеттік кеңесші «Асыл мұра» аудиожинағының тұсаукесеріне қатысты

Жаршы

Бүгін Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің қатысуымен қазақ халқының ұлттық ән-күйі мен фольклорлық мұрасы топтастырылған «Асыл мұра» аудиожинағының тұсаукесері өтті, деп жазады Egemen .kz.

«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы жарыққа шығарған «Асыл мұра» жинағы – Қазақстанның музыка өнері тарихында халықаралық стримингтерде кеңінен таралған ең ірі жинақ. Жоба «Ozen» музыкалық лейблымен бірге жүзеге асырылды.

Жинаққа «Алтын қорда» сақталған 400 күй, 300 жыр-терме, 400 халық әні мен халық композиторларының әндері, 100 ертегі, 50 бесік жыры, 250 ретро хит ән енгізілді. Аудиожинақтың ерекшелігі – мұндағы шығарманың көбі аутентикалық формада, яғни, алғашқы орындаушылары жеткізген түпнұсқа күйінде берілген.

Аа

Жобаға енген таңдамалы 1500 аудиожазба Apple Music, Spotify, Yandex Music, YouTube Musicсияқты әлемге танымал 100-ден астам музыкалық платформаға жүктелді. Сондай-ақ, туындылар «Қазақстан» телерадиокорпорациясының altynqor.com сайтына енгізілді.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Мемлекеттік кеңесші «Асыл мұра» аудиожинағының жарыққа шығуы және ұлттық саз өнері мұрасының әлемдік платформаларда қолжетімді болуы төл мәдениетіміздің дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

Ерлан Қарин «Мемлекеттік телерадиокорпорацияның қорында ғана сақталған 1500 түпнұсқа туынды әлемдік музыкалық платформаларда жарияланып отыр. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында көтерген Ұлттық цифрлық мұрағат құру жөніндегі бастаманы жүзеге асыруға септігін тигізеді. Мұндай жобалар ұлттық мәдени контентті жүйелеуге жол ашып қана қоймай, өнерпаздардың жаңа буынына, өскелең ұрпаққа сенімді әрі бай дерек көзі болады. Сондай-ақ жасанды интеллектінің жадын едәуір толықтырады», деді.

Жинақ еліміздегі ұлттық кітапханаларға, Өнер университеттерінің кітапханаларына беріледі, сондай-ақ еркін саудаға шығарылады.

Пп