Тыңайтқыштарды субсидиялауға 48 млрд теңге бөлінді

Жаршы

Үкімет резервінен тыңайтқыштарды (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) субсидиялау үшін 48,4 млрд теңге бөлінді . Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қаулы Мемлекет басшысының 2024-2028 жылдары ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін 2 есеге ұлғайту және топыраққа минералды тыңайтқыштар енгізу деңгейін ғылыми негізделген қажеттіліктің 50%-на дейін арттыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде қабылданды.

Құжат Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының әкімдіктеріне тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға ағымдағы нысаналы трансферттер түрінде қаражат аударуды көздейді.

Бірінші кезекте, қаражаттың негізгі көлемі минералды тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігін іске асыруға бағытталған.

Өткен жылдың наурыз айында АӨК-ті қолдау шеңберінде тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігі енгізілгені мәлім. Бұл ретте бюджеттік субсидиялар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арзандатылған тыңайтқыштарды жеткізу үшін отандық зауыттардың арнайы шоттарына алдын ала аударылады.

Қабылданған шаралар есебінен алғаш рет тыңайтқыштарды қолдану деңгейі ғылыми негізделген қажеттіліктің 40%-на жетті (2024 жылға дейін 21%-дан аспаған).

Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық кезінде Үкіметтің дер кезінде қаржылық қолдау көрсетуі – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тыңайтқыштармен уақтылы қамтамасыз етуге және жоғары әрі сапалы өнім алуға мүмкіндік береді.