Шымкентте Жаңару күніне орай мың түп көшет егілді

Жаршы

Шымкентте жаңару күніне орай 1000 түп көшет егілді.

Наурызды мерекелеудің онкүндігі аясында экологиялық акция ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары қатар жүріп жатыр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Наурызнаманың Жаңар» күнінде жер-жерде экологиялық акция жалғасын тапты. Қалалықтар «Таза өлке», «Рақмет, Жер ана» деген ұранмен тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, аумақты көгалдандыруға көңіл бөлді. Соның бірі әрі бірегейі «Мәртөбе» тарихи-мәдени кешенінде өткізіліп жатыр.

Экобелсенділер дала Парламентінің рөліне ие болған қасиетті орынды таңдады. Мұнда қазақ хандығы жылдарында елдің жай-күйі талқыланып, «Жеті жарғы» Заңдар жинағы қабылданған болатын. Хан-сұлтандар мен би-шешендер, қол бастаған батырлардың бас қосатын бірден бір төрі саналған. Сондықтан бүгінгі ұрпақ «Тазалық – саулық негізі. Мәдениет өлшемі.» — деп игі іске ұйытқы болды. Жалпы экоакцияға коммуналдық қызметкерлерден бастап, еңбек ардагерлері, қоғам белсенділері мен этномәдени бірлестіктерден жүздеген адам үлес қосты. Олар халықтың экологиялық мәдениет қалыптастыру үшін қоршаған ортаны қорғауға шақырды.

Досыбай Шерімқұлов, қоғам қайраткері:

- Осы акцияны бастап, осы жерде өткізейік деген мақсатымыз мына жастарды жинап бұл төбенің қадір-қасиетін біліп, елдің тарихын, қазақтың тарихын білу үшін. Кейін аманат ретінде жалғастырып отыру үшін істеліп отыр. Бұл жерде небір зиялылар, қазақтан шыққан мықты ата-бабаларымыз келіп, үлкен әңгімелер айтқан.

Шахнозабону Жаналиева, қалалық ҚХА жастарының мүшесі:

- Бүгін Ассамблея жастарының атынан елу шақты белсенді студенттер қатысып, осы «Жаңару күніне» өзіміздің үлесімізді қосып жатырмыз. Бүгін ағаш отырғызамыз. Ағаш отырғызу — біздің болашаққа деген игі қадамымыз. Бір тал ол таза ауа және болашақ ұрпаққа деген аманатымыз.

«Жаңару күнінде» қала аумағындағы арықтар мен бұлақ көздері ашылды. Қоғамдық орындар мен саябақтарда және көшелердің бойына мың түп түрлі ағаш көшеті егілді. Жергілікті тұқымбақта өсірілген қарағаш, терек, сәндік екпе тұқымдастырының ерекше түрлері таңдалды. Биыл осындай игі бастаманың арқасында көгал аумағы екі есе ұлғайып отыр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Жалпы 400 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылып, қала символы саналатын қызғалдақтың 1 миллион 250 мың түп тұқымы егілді. Бұдан өзге хош иісті гүлдер де бойын тіктеп, ай соңына қарай жайқалады деп күтілуде.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов