Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар адамдар және олармен бірге жүретіндер пойыз билеттерін 50 пайыз жеңілдікпен сатып ала алады. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрлік жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды. Жаңартылған нормалар ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен оларды алып жүретін тұлғаларға арналған жеңілдіктерді кеңейтуді көздейді.
"I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарды, сондай-ақ, ерекше қажеттілігі бар балаларды алып жүретін жандардың жол жүру құнына 50 пайыз жеңілдік беру ұсынылып отыр (теміржол билетіне — еск.)", — деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, енді ерекше қажеттілігі бар азаматтардан пойызға міну кезінде медициналық мекемелерден алынатын анықтамалар мен құжаттарды көрсету талап етілмейді.
"Енді қажет мәлімет арнайы деректер базасы арқылы тексеріледі. Бұл шаралар ерекше қажеттілігі бар азаматтардың құқығын қорғауға бағытталып отыр", — деп жазылған хабарламада.
Қазір бұл өзгерістер мақұлдау сатысында тұр. Ережелерді 2025 жылдың екінші жартысында күшіне енгізу жоспарда бар.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!