Бүгін, 19 наурызда мәжілістің жалпы отырысы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын іске асыру – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңіне арналды. Онда мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов баяндама жасап, "ескі Қазақстандағы" билік туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"30 жыл бойы Қазақстанда суперпрезиденттік басқару формасы қолданылды. Алайда, уақыт өте келе, ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген модель үлкен саяси дағдарысқа алып келді.
Бұған негізінен мемлекетімізге бір ғана адам үстемдік етіп, елдің бар байлығын санаулы адам иеленуі себеп болды. Бұл жайт қоғамның ашу-ызасын туғызды және елдің дамуын тежеді.
Сондықтан үш жыл бұрын саяси жүйені жаңғырту процесін бастаудың маңызы зор еді. Бүкіл биліктің бір қолда шоғырлануына мүмкіндік беретін жүйеден бас тарту қажет болды.
Әлемде болып жатқан жағдайлар көптеген елде жоғарғы билікті басқа саяси институттарға беру және табыстау әлі күнге дейін түрлі дау мен пікірталасқа ұласатынын көрсетіп отыр.
Біздің елімізде Президент, керісінше, өзінің жеке бастамасы бойынша өкілеттіктердің бір бөлігін қайта бөліп, бір реттік жеті жылдық мерзімді енгізді. Осылайша, суперпрезиденттік басқару моделінің дәуірі аяқталды,", — деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс төрағасының айтуынша, елімізде бұрынғы саяси құрылым мен елді басқарудың қолданыста болған принциптері түбегейлі өзгеріп, билік тармақтары арасында оңтайлы тепе-теңдік сақталатын, мемлекеттік-саяси құрылымның мүлде жаңа моделі қалыптасты.
Оның сөзінше, қазір заң мен тәртіпке деген құрмет көрініп тұратын әлеуметтік мемлекеттің айшықты бейнесі айқандалып келеді.