Қазақстан Әмірлікке экспортты ұлғайтады

Жаршы

Қазақтың еті мен ұны, көкөнісіне арабтар қарық болып жатыр.

Агроөнім экспорты бұдан да артуға тиіс. Дубайда Қазақ сауда үйі жұмыс істеп тұр.

Ел үкіметінің қолдауымен құрылған мекеме кәсіпкерлерге көмек жасап, сыртқы сауданы оңтайландырған. Яғни өсімдік майы, ұн, пияз және сарымсақ әмірлікке тікелей жеткізіледі. Қой еті де тоқтаусыз жөнелтіліп жатыр.

Қазақстанның агроөнімі тиелген контейнер алыс жолды артқа тастап, Дубайдың көтерме сауда орталығына жетті. Бұл жолы пияз бен сарымсақ аздаған мөлшерде үлгі ретінде экспортталды. Бастысы арада делдал жоқ. Араб нарығына тауардың тікелей жеткізілуіне бір жыл бұрын ғана құрылған қазақ сауда үйі көмектесті.

Асылбек Баетов, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қазақ сауда үйінің бас директоры:

- Сауда үйі – бұл өндірушілерімізді қанатының астына алатын және шығанақтағы араб елдеріне экспортқа шығуға мүмкіндік беретін тиімді құрылым. Мақсаты – сыртқы саудадағы отандық кәсіпкерлерді біріктіру. Біріккен Араб Әмірліктері ғана емес, Сауд Арабиясы, Қатар, Бахрейн, Кувейтке тауар тасымалдау жолдарын жетілдіреміз. Бізге жүктелген негізгі міндет – экспорттаушылардың шығынын төмендету. Себебі кез келген компания бұл жақта өкілдік ашуға шамасы жете бермейді. Менің ойымша, мұның бәрі тиімді және жүйелі жұмыс тәртібіне бағытталған шаруа. Халықаралық тәжірибелерге сай.

Еліміздің егін және мал шаруашылығы саласындағы мүмкіндігі орасан. Экспорттық әлеует артса, табиғи таза өнімге тұтынушы көп. Шығанақ мемлекеттері болса, 300 миллиондық нарық. Бір ғана Дубайда 4 миллион тұрғын бар. Оған тағы сан мыңдаған саяхатшыны қосыңыз.

Асылбек Баетов, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қазақ сауда үйінің бас директоры:

- Бұған дейінгі жылдары қазақстандық тауарлар «CIP» үлгіде, яғни Дубайдағы порттарға дейін ғана жеткізіліп келсе, енді тұтынушыларға тікелей тасымалданатын жағдай жасап жатырмыз. Бұл дегеніміз көтерме сауда орталықтары мен қонақ үй, мейрамхана бизнесі. Кәдімгі дүкен сөрелерінде отандық таңба белгісі бар өнімдер тұратын деңгейге жетуіміз керек. Мемлекет тарапынан «QazTrade» ұлттық операторы арқылы Сауда және интеграция министрлігінің атынан экспорттық шығындарды өтеуге бағытталған қолдау көрсетілуде. Бұл іске қазақстандық агроөндірушілер қауымдастығы айрықша үлес қосып, экспорттаушыларға елдегі рұқсат қағаздарын алуға көмектеседі. Ал біз Араб әмірліктерінде сол шаруаларды бір көзден атқарып, агроөнімдердің танымалдығын арттыруға септесеміз.

Осы күні елімізден араб мемлекетіне аптасына 4 мәрте ет келеді. Былтырғы 10 айда 13,3 мың тоннасы саудаланған. Отандық кәсіпкерлер бұл істен 45 млн доллар пайда тапты. Мұндағы «horeca» және ритейлерлер кеңістігі жаңа сойылған мал етіне алдын ала төлем жасауға дайын. Сенімді серіктестікке сауда үйі игі ықпал етіп отыр. Қазақ шаруалары көкөністі де көптеп өсірсе, араб нарығында мықтап орныға алады. Өткен жылдың қазан айынан бері мұнда ондаған тонна пияз жеткізілді. Сиыр және тауық еті мен ұн, өсімдік майын тасымалдау тәжірибесі бар. Айта кетейік, қазақ сауда үйі Дубайдың ЭКСПО қалашығында орналасқан. Мұнда тұрақты түрде Әмірлік тарапымен іскерлік кездесулер және қазақ агроөнімдерінің көрмесі өтіп тұрады.

Рауан Мыңбай