Ұлттық өнер ұлықталды

Жаршы

Өскеменде жұмысшы мамандықтарының жылына орай «Ғасырлық дәстүрлер» атты кілем тоқу және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының алғашқы республикалық фестивалі өтті. Бұл – еліміздегі рухани өнердің дамуына сеп болатын үлкен іс-шара.

– Фестивальдың көзде­гені – халықтық кілем тоқу дәстүрлерін насихаттау, ата дәстүрді жаңғырту, сәндік-қолданбалы өнер шеберлеріне қолдау көрсету. Мұндай іс-шараны елімізде алғаш рет қолға алып отырмыз. Алдағы уақыт­та аясын кеңейтіп өткі­зуі­міз де мүмкін. Арт-алаң құрсақ деген де ой бар, – дейді облыстық мәдениет бас­қар­масының басшысы Самат Кәсенов.

Бұл өнердің өрісі кеңге қанат жайса, туризм саласына да серпін береді. Алыстан ат арытып келген саяхатшылар естелікке сыйлық таппай сандалып жүрмейді, белгілі бір орталықтан құнды дүние арқалап кете беру мүмкіндігі де қарастырылады.

Кең фойеге алаша-сырмақ жайылып, тұсына түскиіздер ілінген. Жағалай қолөнершілер жайғасқан. Бірі тоқыма тоқы­са, енді бірі кесте тігіп отыр. Әдемі көрініс. Жаздың жайма шуағында, сарқырап аққан өзеннің жағасында өткізер ме еді бұл көрмені? Иә, бұл ұсыныс мәдениет басшылығына да ­айтылды.

Бүгінгі фестивальға елі­міздің 8 облысынан, рес­пуб­ликалық маңызы бар 2 қа­ласынан 27 шебер келіп қа­тыс­ты. Көрермендердің на­за­рына бірегей кілемдер, киіз­ден жасалған бұйым­дар, гобелендер және сәндік-қол­данбалы өнердің басқа да үлгілері ұсы­нылды. Қол­өнер­шілердің жұ­мысын Қолөнершілер ода­ғының төрағасы Айжан Бекқұлова, «Tarbiyabrend» сән үйінің жетекшісі, сәнгер Тарбия Айдымбаева сынды шеберлер бағалады. Екі күнге созылған байқауда жүл­делі 3-орынды сонау Ал­матыдан алаша-сырмағын арқалап жеткен Гүлзира Сәр­сембаева алса, екінші орынды Катонқарағайдан келген ісмер Гүлнар Қожамжарова еншіледі. Бірінші орын Қызыл­орданың қолөнершісі Гүлнар Жүсіпқызына бұйырды.