Қазақстанда әйгілі актёр, продюсер Джеки Чан және америкалық продюсерлер қатысатын ірі халықаралық кино жобалар жүзеге асырылады, деп хабарлайды Skifnews.kz порталы.
Бұл туралы Salem Entertainment цифрлық медиа компаниясының бас директоры Игорь Цай Үкімет отырысында мәлімдеді.
«Биыл біз Джеки Чан, американдық «Оскар» иегерлері және режиссёр Тимур Бекмамбетовпен бірлескен жобаларды бастадық. Соңғысы жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы контент жасауға негізделген», – деді Цай.
Оның айтуынша, Salem Entertainment жыл сайын 12 телехикая мен 4 толықметражды фильм түсіреді. Сонымен қатар, Қазақтелеком және TV+ брендімен әріптестік аясында компания 700 мың жазылушы жинаған.
«Бізде YouTube платформасында жыл сайын 400 миллионнан астам қаралым болады», – деп атап өтті ол.
Бұл уақытта Қазақстанда кино саласын реформалау жоспарланып отыр. Үкімет кинотеатрлар мен фильм түсірушілер арасындағы кірісті қайта бөлу жағын қарастырып, кассалық түсірілімді бақылау жүйесін енгізуді көздейді. 2024 жылы қазақстандық фильмдер прокаттан 22 миллиард теңгеден астам қаржы жинаса, отандық телехикаялар Ресей, Германия, Ұлыбритания, Үндістан және Оңтүстік Корея нарығына шығып үлгерді.