"Өнерге оралуға кеш емес": отандық танымал сериалда басты рөлде ойнаған актер Ұлттық ұлан сапына қосылды

Жаршы

Отандық "Патруль" сериалында басты рөлде ойнғана актёрлердің бірі Білімжан Тұрсынов Ұлттық ұлан сапына қосылды. Қазіргі уақытта ол "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz.

Жетінші маусымы Семей қаласында түсірілген сериалдың белді актёріне отандық режиссёрлер киноға түсуге ұсыныс жасаған. Алайда Білімжан алдымен мерзімді әскери қызметті өтеуді жөн санаған.

"Ұлттық ұлан сапына қосылғаныма қуаныштымын. Әскери бөлімде өнердегі жолдастарымды да кездестірдім. Қазір жауынгерлік жасақ құрамында Өскемен қаласының қауіпсіздігін күзетемін. Отан алдындағы борышымды абыроймен өтеу – мен үшін басты міндет. Ал өнерге оралуға әлі де кеш емес. Жалпы, өзіме комедия жанрындағы фильмдерге түскен ұнайды", — дейді қатардағы жауынгер.

Білімжан Тұрсынов
Білімжан Тұрсынов. Фото: "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Білімжан әскерге дейін Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрында актёр болып қызмет атқарған. Ол "Сотанайдың соңғы үйленуі", "Әйел махаббаты" секілді спектакльдерде өнер көрсеткен.

Голливуд жұлдызы, әйгілі актёр Джонни Деппті үлгі тұтатын Білімжан болашақта қазақ театры мен кино өнерінің жарық жұлдызы болуды мақсат тұтады.