Ақтөбе облысында былтыр ғана тасқыннан зардап шеккен Ойыл ауылы үш күннен бері көлік қатынасынан қағылды. Себебі аудан орталығына апаратын уақытша көпірді тағы да су шайып кеткен. Тұрғындар екі жағалауға тек қайықпен барып-келіп жүр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Қызыл судың кесірінен Қобда ауданында да бір ауылмен байланыс үзілді. Қазір өңірде құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істеуге көшкен.
Ал Ойыл ауданының орталығы аралда қалғандай күй кешіп отыр. Мұнда қайықпен жүзіп өтпесең, машинамен бару мүмкін емес. Былтыр ауылға кіреберістегі үлкен көпір бұзылса, кейін салынған шағын уақытша көпірді үш күн бұрын су шайып кетті. Енді азық-түліктен бастап, адамдарды да өзеннің екі жағынан кезекшілікте тұрған бес қайықпен тасиды.
Былтыр дәл осы уақытта бұзылған үлкен көпір құрылысына бюджеттен екі жарым миллиард теңгеден аса ақша бөлінген. Оның сараптама құжаты бір ай бұрын ғана дайын болған. Енді ол құрылыс аяқталғанша, су шайған уақытша өткелді қайта қалпына келтіруге тура келеді.
"Уақытша өткелді қалпына келтіріп жатыр, техникалар да жұмылдырылды. Біздің міндетіміз — адамдарды қауіпсіз көшіру. Бүгінге 348 адам, оның ішінде 49 бала көшірілді", — деді Ақтөбе облысы ТЖД басқарма басшысы Аслан Арзымбетов.
Ойыл ауылы ғана емес, осы ауданға қарасты Қараой мен Құбасай елдімекендері арасындағы жолды да су жарып кетті. Енді үш ауылмен көлік қатынасы жоқ.
Қобда ауданының Қанай ауылына да қайықсыз жету мүмкін емес. Тұманшы өзені тасып, жолды шайып кеткен. Бұл жақта бір мотор қайықпен азық-түлік жеткізіліп жатыр.
Ақтөбе облысында 54 елді мекен тасқынға байланысты қауіпті аймақ деп белгіленген. Барлығы өзен жағасында орналасқан. Өңірде күн жылынып, қар көбесі сөгіле бастады. Өзен-көлдер көтеріліп жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз