Қазақстанда жаңа айыппұл түрі пайда болды

Жаршы

Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын бұзған кәсіпкерлерге енді айыппұл салынады , деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

"13 наурызда Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске ауқымды өзгерістер енгізілді. Бұған дейін тұтынушылардың құқықтарын бұзған кәсіпкерлерге тек ескерту жасалатын. Бұл ӘҚБК-ге сәйкес ресми санкция болатын. Енді тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері бизнес субъектісінің көлеміне байланысты сараланады. Шағын бизнес үшін – 15 АЕК (2025 жылы 58 980 теңге), орта бизнес үшін – 20 АЕК (78 640 теңге), ірі бизнес үшін – 25 АЕК (98 300 теңге). Көріп отырғандарыңыздай, бұл айтарлықтай қатаңдату шарасы", – деді Серік Құсайынов.

Тұтынушылардың құқықтары туралы ақпаратты дұрыс орналастырмаған, шағымдарға уақытында жауап бермеген, тауарды қайтару мерзімдерін бұзған кәсіпкерлер айыппұл арқаламақ.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, 2024 жылы министрлікке қазақстандықтардан 62,5 мың түрлі шағым түскен. Ал 2025 жылдың алғашқы екі айында олардың саны 10 мыңнан асып кеткен. Қазақстандықтардың ең көп шағымданатын салалары – туризм, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТКШ), денсаулық сақтау және сауда.

Айта кетейік, ӘҚБК-ге енгізілген жаңа түзетулер келесі өзгерістерді де қамтиды:

- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін заңсыз арттырғаны үшін (ӘҚБК-нің 204-4-бабы) айыппұл көлемі артады: жеке тұлғалар мен шағын бизнеске – 5 АЕК (2025 жылы 19 660 теңге), орта бизнеске – 35 АЕК (137 620 теңге), ірі бизнеске – 150 АЕК (589 800 теңге).

- ӘҚБК-нің 173-бабы "Лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуы" 2-бөліммен толықтырылады: егер лауазымды тұлға бір жыл ішінде кәсіпкерлік қызметке қайтадан заңсыз араласса, оған 200 АЕК (2025 жылы 786 400 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.