Бүгін Ұлттық академиялық кітапхананың Фариза Оңғарсынова залында «Ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті академиясы» құрылғаны хабарланды. Оны «Наурызым – нұрлы ырысым » мерекелік іс-шарасы аясында өткен жиында белгілі күш мәдениетін зерттеуші, жоба құрылтайшысы Абылайхан Қалназаров мәлім етті.
«Ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті академиясы – қазақ халқының барлық дәстүрлі спортын сақтау, дамыту және халықаралық деңгейде танымал етуге бағытталған инновациялық орталық. Бұл академия ұлттық спорт түрлерінің физикалық, рухани-мәдени және зияткерлік құндылықтарын зерттеп зерделеп, болашақ ұрпаққа жеткізуді және спорт арқылы елдік рухты күшейтуді көздейді», – деп атап өтті А.Қалназаров.
Оның баяндауынша, академия миссиясы – қазақ халқының дәстүрлі спорт түрлерін жаңғырту және оларды елдік-әлемдік масштабтарда ілгерілету арқылы ұлттық мұраның спорттық-мәдени дамуына үлес қосу.
Мақсат-міндеттері:
- Ұлттық спорт түрлерін кәсіби деңгейде дамытып, жаттықтырушылар мен спортшыларды дайындау.
- Ұлттық спорт түрлерінің бірегей техникасы мен әдістерін ғылыми негізде зерттеу.
- Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
- Дәстүрлі спорт түрлерін халықаралық деңгейде танымал ету.
- Ұлттық спорт пен мәдениетті біріктіріп, интеграциялық іс-шаралар ұйымдастыру.
Жұмыстық міндеттері:
- Зерттеушілік.
- Ұйымдастырушылық.
- Идеологиялық.
- Насихат.
- Оқыту.
- Баулу.
Ал академия қызметінің бағыттары негізгі ұлттық спорт түрлері бойынша кешенді бағдарламалар әзірлеп, олардың әрқайсысын дербес дамытудан көрінбек. Мысалы, қазақ күресі бойынша кәсіби балуандарды дайындау, облыстық, республикалық және халықаралық турнирлер өткізу, қазақ күресінің ережелерін халықаралық стандарттарға бейімдеу болмақшы. Осы қатарда көкпар, бәйге, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу, садақ ату, құсбегілік, тоғызқұмалақ, асық ату сынды спорт түрлері бар.
Абылайхан Мамырайханұлының айтуынша, білім беру және ғылыми-зерттеу бағыты басты басымдық. Білім беруде ұлттық спорт түрлері бойынша балалар, жастар және кәсіби спортшыларға арналған оқу бағдарламаларын әзірлеу, жаттықтырушылар мен әдіскерлерді оқыту көзделеді. Ғылыми зерттеуде ұлттық спорт түрлерінің техникалық және тарихи ерекшеліктерін, физикалық және психологиялық артықшылықтарын зерттеу, қазақ халқының спорттық тарихына арналған ғылыми еңбектер жариялауға баса мән берілмек.
Сондай-ақ ол қазірдің өзінде өз авторлығында бұған дейін жарық көрген «Балуан тас» қостомдығының үшінші томы, осы томдардан өрбіген идеологиялық «Балуандар әлемі» кітабы, көкпар туралы төрт томдық және «Қазақ күресінің» балаларға арналған оқулығы мен палуандық пен батырлықты насихаттайтын оқушыларға арналған 3 кітаптың әзір тұрғанын баяндады.
«Әзірше академия «Silteme.kz порталы жанынан құрылып отыр. Алдағы уақытта бір топ мамандардың басын қосып, фонд түрінде әрекет етпекпіз. Мұндағы фишка сол, мәдениет және туризм іс-шаралары да назарда болады. Ұлттық спорт пен мәдениеттің синтезін көрсететін этнофестивальдер ұйымдастыру, Наурыз және басқа ұлттық мерекелерде арнайы спорттық іс-шаралар өткізу жоспарда бар. Қазақтың дәстүрлі өмір салтын көрсететін этноауыл құру, туристерге арналған интерактивті бағдарламалар ұйымдастыруды да көздеудеміз. Ғылыми-зерттеу орталықтары, спорт кешендері мәселелеріне де ден қоямыз. Бұл жағынан бірқатар ұлттық спорт федерацияларымен алдын ала ынтымақтастық жөнінде әңгімелер жүргізілді», – деп түйіндеді сөзін А.Қалназаров
Айта кетейік, аталмыш іс-шараға бірқатар танымал тұлғалар және студенттер мен мектеп оқушылары қатысты. Бұл Ұлттық академиялық кітапхананың наурыз мерекесіне орай белгіленген «Шаңырақ» күнінің де мерейін асыруға бағытталған отырыстардың бірі болатын.
Жиын соңында келушілерге наурыз көже беріліп, бауырсақтар таратылды және көпшілік болып естелікке фотоға түсті.