Түркістан облысында соғысқа қатысқан 9 ардагер тұрады

Жаршы

Түркістан облысында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 9 ардагер тұрады, деп хабарлайды 24KZ. Ең егдесі 103 жаста болса, кішісі 99-да. Жасы жүзге таяған Бадан Төребаев Кентау қаласындағы көзі тірі жалғыз ардагер. Ол 18 жасында соғысқа аттанып, Украина, Беларусь майдандарына қатысқан. Жеңісті Берлинде қарсы алыпты. Ардагердің ендігі арманы кейінгі жастар бейбіт заманның бағасын білсе деп тілейді.

Бадан Төребаев 1926 жылы Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты Майдантал ауылында дүниеге келген. 1944 жылы 15 қазанда әскерге шақырылып, 4 ай дайындықтан өтті. Одан кейін Беларусь майданына жорық жолы басталып, Одерден өтудегі ұрысқа, Подстамды азат етуге, Берлинді қоршауға қатысады. Оқ пен оттың арасынан аман келген ардагер денсаулығына байланысты бізге сұхбат бере алмады.

Алайда жеңістің оңай жолмен келмегенін жеткізді. Ғасыр жасаған қария енді соғыс болмаса екен деп тілейді. Сондықтан бейбіт күннің қадірін білуге шақырды. 1950 жылы елге оралғаннан кейін Кентау қаласындағы «Мырғалымсай» кенішінде ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істеді. Еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, өсірді. Олардан 16 немере, 42 шөбере, 3 шөпшек сүйді. Қазір ардагерді қолындағы үлкен келіні қарап, барлық жағдайын жасап отыр.

Айжан Төребаева, келіні:

- Құттықтап келіп жатады, бәріне рақмет. Әскери комиссарияттан, емханадан келіп тұрады. Жанайдар дәрігерге рақмет, ол да жағдайын сұрап келіп, атамның дәрі-дәрмегін әкеліп беріп тұр. Бұл кісіге бәрі тегін, шапандарын жауып жатыр. ардагерлер үйінен де келіп тұрады. «Атаның жағдайы жақсы ма?» деп. Ауылда таза ауада өскен ғой, атамыз мықты әлі, жақсы.

Бүгінгі таңда Түркістан облысында 9 соғыс ардагері тұрады. Солардың бірі біздің бүгінгі кейіпкеріміз Бадан Төребаев. Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай ардагерлерге 5 млн теңге біржолғы әлеуметік көмек көрсету көзделген.

Махаббат Мамытжанова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және ӘБ басқармасының бас маманы:

- Сонымен қатар 3047 тыл еңбеккерлеріне және соғыс ардагерлерінің жесірлеріне 50-ден 100 мың теңгеге дейін бірреттік әлеуметтік беріледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджет есебінен 222 млн теңгеден аса қаржы қаралды.

Сонымен қатар мерекеге орай тыл еңбеккерлеріне кезектен тыс медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, тегін ем алу шаралары жүргізіледі. Сондай-ақ демеушілер есебінен азық-түлік себеттері табыс етіледі.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов