Орал қаласының Курени деп аталатын ескі бөлігінде Жайық өзенінің жағасы нығайтылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Көктем сайын дария жағалауды кеміріп, су арнасы үйлерге жақындап қалды. Кейбір тұста бірер метр қалған. Шеткі көшемен көлік те жүре де алмайды.
Мынау Жайықтың дәл іргесіндегі Жағалау деп аталатын көше. Бірақ бұл көшені көпшілік біле бермейді. Білмейтіні заты жоқ, тек аты қалған. Көшемен көлік жүрмейді, жаяудың өзі жар құлап кетпесін деп аяғын абайлап басады. Әр көктемде тасыған су жағаны кеміріп, өзеннің арнасы ойысып, жардың шеті тұрғын үйлерге таяп қалған.
Марал Исмағұлов, қала тұрғыны:
- Су келіп жатыр ғой. Үйге жақындап қалды. Былтыр көтерілгенде 3-4 метр қалды үйге жетуге. Аржағы енді одан да әбден кіріп жатыр ғой. Сол бізге мына арада тұрған халыққа баяғыдан бері бар бірінші проблема. Сосын енді мында орман болғасын жарық та жоқ, дым да жоқ.
Стрижаченко көшесінен Шамсутдинов атындағы көшеге дейін, одан әрі ескі айлаққа дейінгі 886 метр жағалауды бекіту жобасы 2019 жылы жасалған еді. Алайда қаржы жоқтығына байланысты жоба тоқтап қалды. 2023 жылы түзетулер енгізілді. Биыл қажетті 1,7 миллиард теңгенің 409 миллионы бөлініп, мердігер жұмысты бастап кетті.
Дархан Закарин, БҚО табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары:
- Жағалаудың бұрынғы топырақтары алынып, жаңадан топырақ салынады. Темірбетон плиталармен жабылып, жағалаудың бойы тротуар төселіп, қоршау салынып, осындай жұмыстар атқарылады. Былтыр тасқын суда осы жерде топырақты қолдан көтеру жұмыстары жүргізілді. Бұның бәрі шаруашылық тәсілмен жасалған еді. Енді жоба бойынша жасалады.
Жаға бекіту жұмыстарының басталғанына тұрғындар да разы. Олар жар қашан құлайды деп қорқынышта өмір сүріп келе жатқанын айтады.
Аягөз Сапарова, қала тұрғыны:
- Әрине, қуаныштымыз. Мына жаға да өте жақын. Балалар әлі кішкентай. Егер созылса, әрі қарай Стелла сияқты әдемілеп үлкейсе, керемет болушы еді.
Құрылыс жұмыстары жоба бойынша 14 айда аяқталуы тиіс.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов