Дамир Нұркежанов мүгедектер арбасына таңылғанына қарамастан ІТ саласында айтарлықтай жетістікке жеткен. Ол Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде бағдарламалаушы мамандығы бойынша білім алып, 2018 жылы «Future-IT» роботтехника мектебін ашқан. Қазір сол мектептің шәкірттері халықаралық деңгейдегі сайыстарда топ жарып жүр.
Дамирдің технологияларға қызығушылығы бала кезінен басталыпты. Кейін осы қабілетін шыңдап, ІТ әлеміне аяқ басқан.
«Кішкентай кезімде үйдегі магнитофон, DVD сияқты түрлі техниканы бөлшектеп, оларды зерттеуге қызығатынмын. Электроника мен конструктор ойыншықтардан жаңа нәрсе құрастыруға әуестендім. Ал университетке түскен соң роботтехникамен танысып, бұл салаға деген қызығушылығым одан сайын арта түсті. Шетелдік онлайн курстарға қатысып, Алматы мен Астанада өткен жарыстарға барып, тәжірибе жинақтадым. Осылайша, робот құрастыру мен оны бағдарламалауды біршама меңгеріп қалдым. Әрине, алғашқы кездері қоғамға пайдасы зор жобалар жасадым деп айта алмаймын. Жаңадан бастағандар секілді, мен де алдымен қарапайым қозғала алатын, кедергіден айналып өтетін немесе қоқыс жинайтын роботтар жасап көрдім. Содан кейін барып маңызды жобаларға көштім», дейді ол.
Осылайша, студент кезінен-ақ компьютер бағдарламаларын жазуға дағдыланған Дамир уақыт өте таныстарына ІТ әліппесін жеке-жеке үйрете бастайды. Кейін сол ісінің аясын кеңейткісі келеді. «Құланның қасынуына мылтықтың басылуы» дегендей 2019 жылы әлеуметтік жоба жарияланып, Дамир сол сайыстан бір миллион теңге ұтып алады. Сөйтіп бұл қаражатқа кішігірім кабинет жалдап, үш ноутбук пен үш роботтехника жинағын сатып алып, «Future-IT» мектебінің жұмысын бастап кетеді.
«Ол жылдары Талдықорғанда роботтехниканы үйрететін орталықтар, жалпы бұл сала онша дамымаған еді. Сәйкесінше, келген оқушы да аз болды. Алғашқыда мектебімізде тек 5-6 бала оқыды. Кейін тәжірибе жинап, таныла бастаған соң қызығушылар да көбейді. Қазір курсқа 180-ге жуық бала қатысады. Олар тұрақты түрде халықаралық олимпиадалар мен байқауларда бақ сынып, жүлделі оралып жүр. Карантинде онлайн жұмысқа көштік, бірақ роботтехниканы қашықтан үйрету мүмкін емес. Себебі бала жабдықтарды қолмен ұстап, өзі робот жасауы керек. Карантиннің басында 300-ге жуық баланы тегін оқыттық», дейді Дамир.
Жалпы, роботқа бағдарлама енгізбесе, ол түкке жарамсыз сувенир болып қалады. Сол себепті бұл орталықта балаларға ең әуелі механизм түрлерін, бағдарламалаудың негіздерін үйретеді. 5-8 жастағылар «Lego Wedo» жинағымен, 8-12 жастағы балалар «Lego»-ның үлкен түрімен, 12 жастан асқандар «Arduino» бағдарламасымен робот жасап үйренеді. Бір модуль үш айға созылады. Оны тәмамдаған оқушы келесі кезеңге көшеді.
«Қазір ұстаз қызметінде жүрсем де, қоғамға пайдалы роботтехника жасау туралы мақсатымды ұмытқан жоқпын. Мысалы, қазіргі уақытта оқушыларыммен бірге зағип жандарға арналған білезік жасап жатырмыз. Бір жолы мектебімізге көру қабілеті нашар әлдебір азамат келді. Әңгіме арасында далада үнемі таяқ ұстап жүру қиын екенін айтты. Алдынан шығатын кедергілер туралы ақпарат беріп, ескертіп тұратын құрылғы ойлап табуымызды өтінді. Біз бірден ақылдасып, оқушылармен арнайы құрылғы жасауға кірістік. Негізі шетелде мұндай құрылғылар бар, бірақ олардың құны бір миллион теңгеге жетеді. Әрине, ондай бағадағы затты екінің бірі ала алмайды. Сол себепті біз үш метрге дейінгі кедергіні анықтайтын, оған жақындаған сайын діріл толқыны артатын қолжетімді білезік жасап жатырмыз», дейді ол.
Иә, Дамир Нұркежановтың өмірі мен қызметі көптеген адамға үлгі боларлықтай. Оның табандылығы, еңбексүйгіштігі және үлкен мақсаттарға ұмтылысы жастарға жігер береді. Ол өзінің физикалық шектеулерін кедергі емес, мүмкіндік ретінде қарастырып, арманына жетудің жолын тапты. Қазіргі таңда Дамирдің мектебі талай балаға цифрлық дағдыларды үйретіп қана қоймай, олардың сыни ойлау, шығармашылық және инженерлік қабілеттерін дамытып, заманауи технологияларды меңгеруге көмектесіп келеді.