Кикбокстан өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері Бибарыс Сауханбек бір жылдан бері "Астана тазалығында" слесарь болып жұмыс істеп жүр. Аталған мекеме басшысы қол астындағы жұмысшының әлемдің деңгейдегі спортшы екенін білмегенін айтады. Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлайды.
Мекеме басшысының айтуынша, Бибарыс жұмыста алғыр, ортасына сыйлы. "Бұндай азаматтың ортамызда бары — бізге жетістік" дейді. Бибарыстың кикбокспен айналысқанына 14 жыл болған. Еңбекпен бірге спортты өрге сүйреп жүр. "Астана Тазалық" мекемесі Бибарысқа пәтер алуға 10 млн теңгенің сертификатын сыйлады. Сонымен қатар мекемеде арнайы техника жүргізушісі болып қызмет атқаратын әкесі Кенжежан Сауханбекұлына осындай тұлға тәрбиелегені үшін алғыс айтылды.
"Астананың қазіргі көшедегі тазалап жатқан машиналарды жөндеу біздің қызметімізде. Әрине бұл жерде шаршайтын қиналатын ешқандай жұмыс жоқ. Жұмыста қарапайыммын. Шетелге шықсам өзімнің рухымды көтеріп, қазақтың туын көкке желбіреткеніме өте қуанамын", — дейді Бибарыстың өзі.
Ал Бибарыс еңбек етіп жүрген мекеменің басшысы оны жұмысқа алғанда спортшы екенінен мүлдем бейхабар болдық деп отыр.
"Біздер оны ондай спортшы деп білген жоқпыз жұмысқа алғанда. Қарапайым айтқан жұмысты істейді. Әлем деңгейінде спортшы болып жүргенін қағаз келгенде білдік. Көпшілігінің проблемалық мәселелерінің бірі — бұл баспана Бибарысқа бұйырып жатыр. Әлемдегі спортшы есебінде, жаңағы жас маман есебінде", — дейді "Астана тазалық" ЖШС бас директоры Замир Сағынов.