Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Бурабайда Ұлттық құрылтайдың IV отырысы басталды. Жиынға Құрылтай мүшелері мен басқа да делегаттар қатысып отыр.
«Ең алдымен бүгін Амал күні баршаңызға құтты болсын дегім келеді. Қыстан аман-есен шығып, ағайын-бауырмен көрісу – ежелден келе жатқан ата дәстүріміз. Бұл күн – Әз-Наурыздың бастауы. Еліміздің төл мерекесі биыл да қасиетті Ораза айына орайлас келіп отыр. Қастерлі мейрамдарымыз халқымызды игі амалдар жасауға үндейді. Асыл қасиеттерімізді кеңінен дәріптейді. Құрылтайдың ұлық мерекелермен қатар өтіп жатқаны – жақсылықтың нышаны»
«Осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жарияладым, оны білесіздер. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасайтынымызды айттым. Сол кезде алғаш рет Ұлттық құрылтай туралы бастама көтердім. Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалды»
«Жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылды. Үш жылдан астам уақыт ішінде ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды. Оның үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Бір сөзбен айтсақ, аймақтардағы атқарушы билікке жаңа адамдар келіп жатыр.
Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды. Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады. Түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін берді. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайланды. Билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмады»
«Ел ішіндегі өзгерістерге Ұлттық құрылтай мүшелері де орасан зор үлес қосты. Жұртымызды ортақ мақсатқа ұйыстырып, игі істерге жұмылдырды. Алқалы жиын алғашқы күннен бастап жалпыхалықтық жаңғырудың символына айналды. Қоғамдық диалогтың жаңа үлгісі қалыптасты.
Өзара түсіністік пен құрмет бар жерде келісім болады. Құрылтайдың түпкі мақсаты да – осы»
«Енді бірқатар мәселеге арнайы тоқталып өткім келеді. Ең алдымен қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікірімді айтайын. Салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Бұл туралы жаңа ғана белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев жақсы айтып өтті. Сондай-ақ Құрылтай мүшелері Қайырбек Арыстанбеков, Марат Башимов, Ерлан Саиров, Расул Рысмамбетов және Мұрат Әбенов салық-бюджет мәселесіне қатысты орынды пікір білдірді.
Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін адамға түсінікті тілмен жеткізу керек»
«Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген.
Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды. Дегенмен ұсынылған шараларға, соның ішінде, қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады. Бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмеген.
Түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдер аз емес. Ал Қазақстанның бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде.
Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндетіміз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пайдалануға, алаяқтыққа жол берілмейді. Сондықтан басымдық берілмеген жобаларға бөлінетін қаржы азаяды. Бұл қажет шара екені айдан анық. Үкімет осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керектігін біржола анықтап алуға тиіс»
«Қазақстанда түрлі салық режимі, көптеген жеңілдіктер мен преференциялар бар. Оның бәрі елімізде салық офшоры сияқты ахуал қалыптастырды. Кәсіпкерлердің екі негізгі тобы пайда болды. Олар – заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, салық салынатын табысын өзі үшін азайтып көрсететіндер және барлық салықты адал төлейтіндер. Кәсіпкерлердің осы екінші тобы бәсекеге төтеп бере алмай жатыр.
Үкімет салық төлеуден жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндердің әрекетіне орынды назар аударды. Өкінішке қарай, мұндай жағдай жаппай белең алған»
«Заңнамадағы олқылықтар бизнесті бөлшектеуге жол беріп отырғанын мойындау керек. Бұл мәселеге Үкімет те, депутаттар да жете мән бермеген.
Тағы да әдемі көрсеткіштерге әуестеніп кеттік: елімізде екі миллионнан астам салық төлеуші, яғни жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар тіркелген деседі. Бірақ олардың қандай кәсіпорындар екеніне, қалай пайда болғанына, қанша салық төлейтініне, тіпті оны төлеп жатыр ма, жоқ па дегенге еш талдау жасалмаған. Бірақ құр кінәлаудан іс оңға баспайды.
Енді ахуалды шұғыл түзету қажет. Үкімет пен Парламентке айтарым – заңнамаға жедел түрде тиісті түзетулерді енгізу керек»
«Әділ әрі тиімді салық жүйесін құру еліміздің болашағына, кейінгі ұрпақтың тұрмысына тікелей әсер ететінін ұғынған жөн.
Билік бизнеске қолдау көрсетіп келді, көрсете де береді. Бұған күмән болмауға тиіс. Бірақ бизнестің өзі заңды және заңсыз болады. Біз заңды сақтау, тәртіпке бағыну керек деп жатамыз. Ендеше Үкіметтің және жалпы биліктің қолдау шараларының игілігін, бірінші кезекте, адал әрі жауапты, ең бастысы, заң аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлер көруге тиіс.
Салық реформасына келсек, батыл шараларды дәл қазір қабылдау керек. Әйтпесе, бұдан да зор қиындыққа тап боламыз»