ЖИ бизнеске салық есебін жүргізуге көмектеседі

Жаңа күн

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткізілген кеңесте салықтық және кедендік әкімшілендіру жүйелерін цифрландыру жөніндегі жұмыстардың барысы тыңдалды.

Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың дерегі бойынша, қазіргі уақытта фискалдық органдардың ақпараттық жүйелеріне қажетті деректерді беру үшін Smart Data Finance, СӘАЖ және Keden салықтық ақпараттық жүйелерін алты мемлекеттік органның ақ­параттық жүйесімен интеграциялау жалғасып жатыр. Жаңа Салық кодексінің қолданысқа енгізілуіне дейін жаңа салық жүйесін енгізу бойынша барлық тестілік және басқа да қажетті рәсімдерді бітіріп үлгеру үшін барлық интеграциялық жұмысты мүмкіндігінше тезірек тиянақтау қажет. Кеңесте толыққан­ды интеграцияға кедергі келтіретін барлық мәселе қаралды, оның қоры­тындысы бойынша вице-премьер мемлекеттік органдарға барлық рәсімдік мәселені наурыз айының соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Smart Data Finance АЖ-ны өнеркәсіптік пайдалануға беру «e-Tamga» ҚҚС төлем жүйесінің жұмысын бастау үшін негіз болады. Бұл жүйе сатып алушы мен жеткізуші арасында, сондай-ақ бюджетпен өзара есеп айырысу кезінде ҚҚС төлемін жүргізуге арналған. Жүйедегі ҚҚС бойынша барлық төлем тек электрондық шот-фактура негізінде жүргізілді. Бұл ҚҚС төлеуден жалтаруды болдырмайды. Осы жүйенің арқасында ҚҚС қайтару қазіргідей 150 күн емес, 15 күн ішінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ ол адал бизнесті жосықсыз тәуекелді компаниялардан қорғауға мүмкіндік береді.

Бұған қоса, Салықтық әкімші­лен­дірудің интеграцияланған жүйесінің (СӘАЖ) АЖ базасында Қаржы министрлігі ЦДИАӨМ-мен бірлесіп салық төлеушілерге қызмет көрсетудің проактивті сервистік моделін құрады. СӘАЖ-дағы салық төлеушінің жеке кабинеті салық төлеушілерге қызметтерді алуға және есептілікті қашықтан тапсыруға, декларацияларды кезең-кезеңімен, анықтамалармен және деректерді тексерумен толтыру­ға мүмкіндік береді. Жүйе екіжақ­ты байланысты қамтамасыз етеді: мемлекеттік кіріс органының хабарламасына жауап беруге және салық органына бармай-ақ құжаттарды жүктеуге болады.

Қазірде тоқсанда аяқталуы жоспарланған СӘАЖ модульдерін кезең-кезеңімен көбейту жүріп жатыр. Болашақта қызмет көрсету моделі бірыңғай салық көмекшісін әзірлеу үшін жасанды интеллект көмегімен жетілдіріледі. Виртуалды салық көмекшісі бизнесті ашудан бастап жабуға дейін салықтық қолдауды қамтамасыз етіп, әрбір салық төлеушіге декларацияны алдын ала толтыруға, қолайлы салық режімін таңдау бойынша ұсыныс беруге, декларация тапсыру мен са­лық төлеу мерзімі туралы хабарлауға көмектеседі.

Сонымен қатар тұтынушының әрбір сатып алу үшін фискалдық чектерді талап етуге қатысты өз құқығы туралы хабардар болуын жақсарту үшін осы көктемде Қаржы министрлігі Salyq кэшбэк жобасын қайта бастауды жоспарлап отыр. Өткен жылы Salyq кэшбэк қанат­қақ­­ты тұрғыда Семей қаласы мен Ақкөл ауданында сынақтан өткізілді. Оның көмегімен сатып алушылар фискалдық чек беру кезінде сатып алу сомасының 2%-ын алды. Қанат­қақты жобаның 5 айында чектер саны 22%-ға, ал тауарлар мен қызмет­тер­дің жалпы құны 132%-ға өсті. 75 млн теңге кэшбэк есептелді. Әсет Тұрысов­тың хабарлауынша, 2025 жыл­­ғы 15 наурыздан бастап бұл жо­ба­ны Өскемен (ШҚО), Жетіқара (Қос­танай облысы) және Жақсы ауда­ны­на (Ақмола облысы) кеңейте оты­рып, қайта бастау жоспарланып отыр.