Химия өнеркәсібі десе, жұрттың жадына Жамбыл облысы оралатыны анық. Қазыналы Қаратаудың қойнауынан өндірілген сары фосфор мен өзге де өнімдер еліміздің әр қиырынан бөлек, жылдар бойы өзге мемлекеттерге экспортталып келгені мәлім. «Қазфосфат» ЖШС өнімдерімен аты шыққан өңірде «Минералды тыңайтқыштар зауыты », «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» секілді өндіріс ошақтарының да орны бөлек.
Сарысу ауданында орналасқан тау-кен өңдеу комбинатындағы тынымсыз тіршілік ілкі сәтке де тоқтаған емес. Сексен жылға жуық тарихы бар өндіріс ошағында фосфор шикізаты үздіксіз өндіріліп жатыр. 900-ге жуық азаматты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорында өндірілетін ұсақталған фосфорға деген сұраныс қай кезде де жоғары. Комбинат басшылығы жұмысшыларға қолдан келгенше қолайлы жағдай қарастырады.
«Қарт Қаратаудың қойнауынан фосфорит кенінің өндіріле бастағанына 80 жылға жуық уақыт өтті. Тарих үшін 80 жыл дегеніміз аз уақыт шығар. Ал біздің өңірдегі өндіріс ошағы үшін бұл ұзақ мерзім саналады. Тау-кен өңдеу комбинатында қазір 859 адам жұмыспен қамтылған. Орташа жалақы – шамамен 417 мың теңге. Одан бөлек, әлеуметтік көмектер көрсетіледі», дейді Сарысу аудандық Өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Ермекбаев.
Бөлім басшысы келтірген дерекке сүйенсек, 2023 жылдың басынан бастап, «Көксу» кеніші қызметкерлеріне жолақы ретінде 21 000 теңгеден берілсе, цех қызметкерлеріне ай сайын 10 500 теңге төленеді екен. Ал 2023 жылдың сәуір айынан бері карьерде еңбек ететін азаматтарға ай сайын 15 000 теңге қарастырылса, автокөлік цехының карьер маңында жұмыс істейтін еңбеккерлерге 7 500 теңге қаржы бөлініпті.
«Ұжымда жұмысшылардың денсаулығын жақсарту мәселесі әр кез назарда. Олардың уақтылы ем-дом алуы үшін «Көктал» емдеу-сауықтыру кешені жұмыс істеп тұр. Зейнетке шыққан ардагерлерге «Көктал» емдеу-сауықтыру кешеніне берреттік тегін жолдама беріледі. Бір сөзбен айтқанда, тау-кен өңдеу комбинатының басшылығы қызметкерлерге қолдан келгенше қолдау көрсетіп отыр», дейді Д.Ермекбаев.
Қолда бар мәліметке сүйенсек, кәсіпорын басшылары жыл сайын химия қызметкерлері күні және шахтерлер күні мерекесінде жұмысшыларға қаржылай сыйақы үлестірсе, нәтижелі жұмысымен көзге түскен озат қызметкерлерге тоңазытқыш, теледидар, ноутбук секілді өзге де бағалы сыйлықтар табыстап, олардың жұмысына лайықты құрмет көрсетеді. Сондай-ақ мұнда түрлі мерекеде спорттық және мәдени іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылады.
«80 жылға жуық тарихы бар кәсіпорын жұмысы жыл өткен сайын қарқын ала түсті. Мәселен, өткен жылы фосфордың «ФКТ – 11» маркасының 839 452 тоннасы өндірілсе, «ФКТ – 9» маркалы фосфордың 199 861 тоннасы, ал «ФКТ – 5» маркалы фосфордың 84 987 тоннасы өндірілді. Жалпы алғанда, өндірілген өнім көлемі (ұсақталған фосфор шикізаты) 1 124 300 тоннаны құрады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс бір сәтке де тоқтамайды», дейді Д.Ермекбаев.
Кәсіпорын басшылығы 2022 жылдың тамызынан бастап өндірісте еңбек ететін қызметкерлердің барлығын тұрақты түрде түскі аспен қамтуды қолға алыпты. Бұдан бөлек, әлеуметтік серіктестік негізінде ауданға қарасты елді мекендерге қажет кезде техника беріп, көмек көрсетіп жүр.
«2023 жылғы желтоқсанда жару жұмысына арналған жарылғыш емес заттарды дайындайтын порэмит зауыты қайтадан цех ретінде іске қосылды. Күрделі жөндеуден кейін жұмысы қайта жанданған цехта қазір 15 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Порэмит цехының көмегімен кешен карьерінің тау-кен жыныстарын жару жұмысы жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр», дейді жауапты бөлім басшысы.
Бізде бар дерекке сүйенсек, өткен жылы кәсіпорындағы қызметкерлердің жалақысы 10%-ға көтеріліпті. Ал 2024 жылы 831,308 тонна тау массасы өндірілген. Осы жылы кәсіпорын жетекшілері көрсеткішті 1 100 000 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Жыл басталғалы бері ұсақталған фосфор шикізатының үш маркасы бойынша 167 278 тонна өнім өндірілгенін де айта кеткен жөн.
Жамбыл облысы,
Сарысу ауданы