Ұлттық құрылтайда ғылым мен білім тақырыптары қозғалды

Жаңа күн

Бурабай баурайында өтіп жатқан төртінші Ұлттық құрылтай аясындағы секцияларда ғылым мен білім, әлеуметтік-экономикалық даму тақырыптары да сөз болды, деп хабарлайды 24KZ. Құрылтай мүшелері аталған салалардағы өзекті деген мәселелерді ортаға салып, бірқатар ұсыныс пен бастама көтеріп жатыр. Отандық ғылым мен білім беру және әлеуметтік-экономикалық салаларға серпін беруді көздейтін іргелі жобаларды қолға алу мәселесі де қозғалды.

Қазақ тарихында құрылтайларды шақыру дәстүрі ежелден қалыптасқан. Жаңа ғасырда жанданған бұл құрылтай да тарихи тамырымен біте қайнасып жатыр. Алғашқы Құрылтай ұлт ордасы Ұлытауда, кейінгі кеңес түркі әлемінің бесігі Түркістанда, өткен жылы Сарайшық маңындағы Атырауда ұйымдастырылса, биылғы құрылтайдың Хан Абылайға қоныс болған Бурабайдың баурайында өтуі тегін болмаса керек.

Ұлттық диалог алаңына айналып, қоғамның күрмеулі мәселері қозғалатын келелі жиындардың бірі – осы Құрылтай. Халық жер-жерде айтылған ой-пікірдің бір ортада тоғысқанын қалайды. Осындайда Ұлттық құрылтай мүшелерінің көтеріп отырған әрбір мәселесі өз алдына өзекті. Сондай ұсыныстың бірін бүгін Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова айтты. Ұлттық құрылтай мүшесі талай Алаш арыстарының туған жері Арқалықтағы білім-беру мекемелерінің жайына алаңдайды.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- Қазіргі таңда ол жерді облыс орталығы жасауға біздің экономикалық жағдайымыз мүмкіндік бермесе де, ол жерде 28 мыңнан аса халық тұрады. Оның 6 мыңы – оқушылар. Қаншама дарынды балалар бар, бірақ не зияткерлік мектептер жоқ, не білім-инновациялық лицейлер жоқ. Біз әлеуметтік инфрақұрылым тұрғысынан кітапхана, театр, жақсы мектептер сынды әлеуметтік инфрақұрылымын дамытсақ, халықтың әл-ауқаты да дамиды.

Алдағы уақытта аймақтан асып, Құрылтайға жеткен «даттың» еленбей қалмасы анық. Ғылым саласына қатысты бірқатар ұсыныс жасаған Құрылтай мүшелерінің бірі – Нұрлан Дулатбеков. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры ғылым саласындағы қордаланған мәселерге қанық. «Әсіресе өңірлердегі жоғарғы оқу орындарының әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлу керек», – дейді ол.

Нұрлан Дулатбеков, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- Адам басына шаққандағы ғалымдардың саны бойынша біз біраз мемелекеттен артта қалып келе жатырмыз. Әсіресе ғылымды дамыту, оның ішінде өңірлік ғылымды дамыту, өңірлік университеттірге мәртебе беру және ғылыми әлеуетін арттыруға үлкен көңіл бөлсе деген. Осы Құрылтай арқылы айтылып, министрлік мамандарымен талқылып, осындай салалық мәселерді шешуге мүмкіндік туады.

Келелі кеңесте айтылған ұсыныс ескерусіз қалмайды. Ұлттық құрылтай мүшелерінің көкейінде жүрген мәселелерді білім мен ғылым саласына жауапты қос министр де мұқият тыңдады. Көтерілген бастамалардың барлығы да алдағы жұмыс барысына бағдар болады.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- Құрылтай мүшелері ел арасында жүргендіктен, жасалып жатқан реформалардың қалай жүзеге асып жатқанын біз кері байланыс арқылы қарап, біліп, көріп отырмыз. Сол арқылы ережелерімізге тиісті өзгеріс енгізуге мүмкіндік алып отырмыз. Сондықтан Құрылтайдың елге, ұлтқа берері көп деп сеніммен айтуға болады.

Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы да – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Бүгінгі Құрылтайдың бір секциясының осы тақырыпқа арналуы да содан болса керек. Құрылтайға қатысушылар тарапынан салықтық реформа жасауға қатысты бірқатар ұсыныс айтылды.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- Біз Қазақстанда ірі кәсіпкерлердің девиденттерінен салық төлеу, олардың түскен пайдасына салық көлемін арттыру механизмдерін де қарастырып жатырмыз. Өйткені олар Қазақстанның сарқылатын ресурстарын пайдаланып жатыр. Ол ресурстар бүкіл халыққа тиесілі.

Салықтан жалтарудың түрлі айла-тәсілін тапқандар кеден саласында көп. Бұндай мәлімдемені бүгін Ұлттық құрылтай мүшесі депутат Мұрат Әбенов жасады. «Салықтық түсімдерді молайтамыз десек, осы мәселені біржақты қылуымыз керек», – дейді депутат.

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- Мемлекет салық жинауымыз керек, қаржы аз дейді. Ал көп қаржы түсетін жер – ол кеден. Онда контрабанда өте көп. Президент тапсырма береді, бірақ орындалмайды. Кеденнен қаншама ақша жинауға болатын еді. Біздің күдігіміз ол жерде жемқорлық көп.

Келелі мәселелер көтерілетін Құрылтай жұмысы ертең де жалғасады.

Авторы: Досжан Ысқақ