Қазақстан мен Өзбекстан өнеркәсіптік кооперация орталығын құрады

Жаңа күн

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы құрылады.

Бүгін Сенат қос ел арасындағы сауда байланысын нығайтуды көздейтін құжатты мақұлдады. Орталық «Атамекен» және «Гүлстан» бақылау-өткізу бекеттеріне жақын орналасады. 100 гектар аумақта өнеркәсіптік кәсіпорындар жұмыс істейтін болады. Тараптар елу гектардан жер бөледі. Бұл аумаққа өңірлік индустриялық аймақ мәртебесі беріледі. Алдағы 7 жылда кешенді дамытуға шамамен 50 млрд теңге жұмсалады деген жоспар бар. Ал инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылады. Айта кетейік, Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі сауда серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы қарым-қатынас түрлі бағыттарда қарқынды дамып келеді. «Ала шапанды» ағайынмен арадағы алыс-берісті 2030 жылға қарай 10 млрд долларға жеткізу көзделген.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

-Мақұлданған заң Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өнеркәсіп саласындағы жаңа кооперация орталығының құқықтық негізін айқындайды. Соның аясында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының мәртебесі, оның қызмет түрлері мен құзыреті белгіленді. Алдағы уақытта заң бауырлас екі елдің іскерлік байланыстарын арттыруға, сондай-ақ сауда-экономикалық қатынастарын нығайтуға оң ықпал тигізеді деп сенеміз.