0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Иә алтын құймаларының бағасы соңғы 2 жылда 1,5 есе өскен. Осылайша алтынға инвестиция жасағандар 41% пайда көріп отыр. Оны сатып алу мен сақтаудың жолы қандай? Инвестицияның бұл түрі тәуекелді қажет ете ме? Тілшіміз зерттеп көрді.
2023 жылдан бастап алтын құймаларына 2 ай сайын ақша салып жүргеннің бірі – Еркебұлан Әріпбай. Ол 2 жылда 7 млн теңгесін алтын сатып алуға жұмсап, 3 млн теңге шамасында таза пайда тапты.
Еркебұлан Әріпбай, трейдинг маманы:
2023 жылы Ұлттық банктің шығарған 5,10,20 граммдық құймалары бар екенін естіп, сатып ала бастадым. Мысалы, қазір 47 750 теңгеден сата аламыз, сатып алғымыз келсе 48 650 теңге. Мен сол кезде сатып алғанда 1 граммы 28-29 мың теңге болды ғой шамамен. 30 мыңға жетпейтін.
Иә алтын алу да инвестицияның бір түрі. Бірақ ол сізге 2-3 айда пайда әкеле қалады десеңіз, қателесесіз. Айналымда ұзақ жатқанда ғана еселеп қайтады. Әлбетте, нарықтағы бағасын бағамдап отыру маңызды. Экономистер «алтын бар жерде тәуекел барын» ескертеді.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
Бір ғана бағытқа, тұрғын үйге немесе көлікке ақшасын сала беретін болса, болашақта банкротқа ұшырап қалу қаупі жоғары. Менің қосымша 1 млн артық ақшам болса, мен оны жастықтың астына тығып қойғаннан гөрі, оны әртараптандыруым керек. Ең қарапайым түрі – алтын. Алтын теңгелі депозит сияқты тез табыс әкелмейді. Бірақ ол тұрақты валюта. 10 жылдан кейін де алтынның бағасы қымбаттамаса арзандамайды. Ол да біздің тәуекелімізді тиімді жұмсауға мүмкіндік береді.
Алтын құймаларын алу мен сақтаудың бірнеше жолы бар. Бірі, бағалы металлға инвестиция ретінде арнайы шот ашу. Мұндайда ол қолыңызға тимейді, банктің өзінде сақталады. Ал екінші жолы, банкке алдын ала хабарласып, өтініш беріп, алтын құймасын қолыңызға алу. Бірақ оның қаптамасын ашсаңыз, бірден құнын жоғалтуы мүмкін. Ал сатар болсаңыз, кез келген банкке яки айырбастау пуктіне өткізе аласыз.
Ақниет Балтанова, тілші:
Бүгінге дейін әлемде 187 мың тонна алтын өндірілген. Жер жаһандағы алтынның қоры 244 мың тоннаға жуық.Сондықтан сарапшылардың пікірінше, бұл бағалы түсті металлға сұраныс артпаса кемімейді. Тек ақшаңызды еселеу үшін нарықты мұқият зерттеген жөн.
Ақниет Балтанова