Адам ағзаларын саудалаған қылмыскер қолға түсті

Жаңа күн

Польша құқық қорғау органдары адам ағзаларын заңсыз саудалаумен айналысқан халықаралық қылмыстық топтың қызметіне қатысы бар деген күдікпен 35 жастағы Қазақстан азаматын ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

ҚР Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұранысы бойынша әйел Украина-Польша шекарасындағы теміржол өткізу пунктінде ұсталған. Ол 2020 жылдан бері халықаралық іздеуде болған.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2017-2018 жылдары қылмыстық топ Қазақстандағы медициналық мекемелерде заңсыз трансплантация операцияларын ұйымдастырған. Бұл заңсыз әрекеттерге Израиль, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан азаматтары да тартылған.

Күдікті донорлар мен реципиенттерді қабылдау, олардың медициналық тексерістен өтуін ұйымдастыру, шығындарды өтеу және құпиялылықты сақтау жұмыстарымен айналысқан. Сондай-ақ донорларға реципиенттермен туыстық байланыстары туралы жалған ақпаратты жаттатқызған.

Қазіргі уақытта күдіктіні елге экстрадициялау мәселесі қарастырылып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.