Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиогемен кездесті.
Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев дипломатты тағайындалуымен құттықтап, Франция Қазақстанның Еуропалық одақтағы стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Сұхбат кезінде екі ел арасындағы байланысты нығайту ісінде мемлекет басшыларының достық қарым-қатынасы елеулі рөл атқаратыны, соның арқасында бүгінде көптеген салада маңызды келісімдерге қол жеткізілгені айтылды.
«Бүгінде Қазақстан мен Франция арасында ең жоғары деңгейде сындарлы саяси диалог қалыптасты. Екі ел президенттерінің өзара сапарлары мемлекеттеріміздің ынтымақтастығына тың серпін берді. Соның аясында стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған Бірлескен декларацияға қол қойылды. Біздің Парламенттің екі палатасында да Франциямен достық топтары жұмыс істейді. Олардың қызметі депутаттар арасындағы ынтымақтастықты арттырудың маңызды тетігі екені анық. Алдағы уақытта жұмыс топтарының әлеуетін белсенді пайдаланған абзал», деді М.Әшімбаев.
Кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық және инфрақұрылымдық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Тараптар климаттық күн тәртібіне, энергетика саласына, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға қатысты бірлескен міндеттерді де белгіледі.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталып өтті. Палата спикері орнықты дамуға, инклюзивті қоғам құруға, рухани дипломатияны ілгерілетуге арналған жобалар жөнінде кеңірек айтып, биыл қыркүйек айында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының «Діндер диалогі: болашақ жолындағы синергия» атты VIII съезіне назар аударды.
Өз кезегінде Сильван Гиоге Қазақстанның жаһандық сын-қатерлерді еңсеру, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды іске асыру жолындағы табандылығын жоғары бағалады. Сондай-ақ ол Парламент Сенатымен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.