Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің қатысуымен баспасөз конференциясы өтіп, әділет органдарының қызметі мен атқарып жатқан жұмыстары талқыға түсті. Ресми өкіл журналистерге еліміздегі алимент өндіру, әділет саласын цифрландыру, елді мекендердің атын өнімге беру арқылы бренд қалыптастыру, аутопсия әдісімен медициналық сараптама жасау сияқты мәселелер хақындағы өзгерістерді тілшілерге түсіндірді.
Ресми өкіл Талғат Уәли әңгімесін алимент өндіру мәселесінен бастады. Спикер алимент өндіру ісін Әділет министрлігі жіті бақылайтынын, бүгінгі таңда өндірісте 283 мың атқарушылық іс бар екенін, оның ішінде борышкер ерлердің саны 272 мың, ал әйелдер саны 11 мыңнан асатынын, 16 352 шағым бойынша борышкерлердің қарызы 16 млрд теңгені құрайтынын мәлімдеді.
«Жалпы, борышкерлерден алимент ай сайын жұмыс берушілердің бухгалтериясы арқылы өндіріледі. Сондықтан да әділет органдары мен жергілікті әкімдіктер бірлесіп, алимент төлеушілерді жұмысқа орналастыруды белсенді жүргізіп жатырмыз. Мәселен, 2023 жылы 4 238 борышкер жұмысқа орналастырылды. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 6 мыңнан асты», деді Т.Уәли.
Сондай-ақ ол балаларына алимент төлемей жалтарып жүрген азаматтардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын, 2024 жылы 4,5 мыңнан аса борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 391 азамат Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша сотталғанын, борышкерлердің банктегі есепшоттарына тыйым салынып, уақытша шектеулер қойылғанын тілге тиек етті. Мәселен, Астана қаласындағы бір борышкердің Mercedes-Benz S400 маркалы көлігі сатылып, одан 23 млн теңге өндірілген. Жамбыл облысында тағы бір борышкердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, 11 млн теңгеге бағаланған жылжымайтын мүлкі қарызын өтеуге берілген. Ал Алматыдағы бір борышкер 9 млн теңгеден аса қарызын 2017 жылғы Hyundai Tucson автокөлігімен төлеген.
Әділет министрлігінің ресми өкілі Әділет органдары салаларын цифрландыру мәселелері жайында да баяндап, «Digital Justice» (Цифрлық әділет) жобалар портфелі аясында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Спикер журналистерге «ZanKomegi» мобильдік қосымшасы іске қосылып, азаматтарға құқықтық кеңес беретін чат-бот әзірленгенін, жасанды интеллект арқылы жұмыс істейтін жүйе сынақтан сәтті өткізілгенін жеткізді. Сондай-ақ министрлік жасанды интеллекті дамыту ісін бюджеттен арнайы қаржы бөлмей, IT-компаниялар мен жоғары оқу орындарының (ZanBar, iPrav, ҚарМУ, ҚазҰТЗУ, ҚазҰУ және т.б.) өкілдерімен бірлесе жұмыс тобын құру арқылы жүзеге асыратынын, өткен жылдың тамыз айында қолданысқа енген «Робот сот орындаушысы» жүйесі 500-ге жуық істі қамтып, азаматтардың 600 млн теңгеден аса қаражатын үнемдегенін, «Цифрлық нотариат» жобасы аясында нотариаттық қызметтер онлайн форматқа ауыстырылғанын (сенімхаттар, кеңестер алу және жұбайлардың келісімдері секілді қызметтерді нотариусқа бармай-ақ бейнеқоңырау арқылы онлайн алуға болады), бұл қызметті 240 мыңнан аса азамат пайдаланғанын мәлімдеді.
Т.Уәли елді мекендердің атын өнімге беру арқылы бренд қалыптастыру жайына да кеңірек тоқталды. Еліміздің кәсіпкерлері 100-ден аса өнімге географиялық атаулар берген.
«Әр өңір өз өнімдерімен мақтанады. Мысалы, Жамбыл облысында өндірілетін «Бурнен» сүт өнімдері (ірімшік, май және сүт) көптің жоғары бағасын алған. Маңғыстау облысы «Мұнайлы шұжығы», «Маңғыстау қазысы» сынды дәстүрлі деликатестерімен ерекшеленеді. Ал Шығыс «Катонқарағай балы» арқылы танымал. Яғни өнімдердің атауына географиялық маңыз беру арқылы Қазақстанның ұлттық брендін қалыптастыруға, тауарлардың әлемдік нарықта танылуына, инвестициялар тартуға, сондай-ақ туризмді дамытуға ықпал ете аламыз», деді Талғат Уәли.
Әділет министрлігінің өкілі елдегі ғылымның қарыштап дамуы технологиялық прогресін нығайтуға да әсер етіп жатқанын, мемлекеттің жоғары ғылыми және инженерлік әлеуетін көрсететін 37 190 өнертабыс, 10 198 пайдалы модель тіркелгенін айтты.
Спикер зияткерлік меншік құқығын қорғауға қатысты ойын ортаға салып, 2024 жылы әділет органдары 338 тексеріс жүргізіп, 297 құқық бұзушылық анықтағанын, ӘҚБтК-тің 158-бабы бойынша (басқа біреудің тауар белгісін заңсыз пайдалану) 283 іс қозғалғанын, нәтижесінде 267 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 12 іс әлі де сот қарауында екенін, айыппұлдардың жалпы сомасы 22 138 422 теңгені құрағанын, өткен жылы 150 млн теңгеге жуық контрафактілік өнім тәркіленгенін, бұл жұмыс биыл да жалғасатынын жеткізді.
Сондай-ақ ресми өкіл сот сараптамасы саласындағы өзгерістерге тоқталып, виртуалды аутопсия әдісімен медициналық сараптама жасау мәселесіне қатысты мәліметтерді алға тартты.
«Қазір технология қарыштап дамып, виртуалды аутопсияны қолдану мүмкіндігі пайда болады. Мәйітке өлімнің себебін анықтау мақсатында жасалатын медициналық сараптаманы денені кеспей, КТ сканері арқылы аутопсия (кесілмеген) әдісімен орындауға да болады. Бұл әдісті осыған дейін белгілі бір дәрежеде Швейцария, Ұлыбритания, АҚШ, Үндістан, Жапония, Швеция, Норвегия, Түркия, Сауд Арабиясы, Ресей секілді елдер қолданып келді. Әділет министрлігі виртуалды аутопсия әдісінің нәтижесін байқау үшін еліміздің бір өңіріне қанатқақты жоба енгізуді қарастырып жатыр», деді.
Сонымен қатар спикер еліміздегі алаяқтық жағдайларға қатысты да пікір білдіріп, ел азаматтарын алаяқтардың арбауына түсіп қалмауы үшін АИС ОИП (атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі) қосымшасы іске қосылғанын хабарлады.
«Алаяқтар өздерін сот орындаушылары ретінде таныстырып, азаматтардан берешекті өтеуді талап етеді. Тіпті, шоттарын, мүлкін бұғаттайтынын айтып, қорқытуы да мүмкін. Егер сізге осындай қоңырау түссе немесе хабарлама келсе, ақпаратты Әділет министрлігінің, республикалық және өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының ресми сайттарына жазып, қажет болған жағдайда банкке қоңырау шалуға кеңес береміз. Атқарушылық іс жүргізудің бар екені туралы мәліметтерді тексеру үшін АИС ОИП қосымшасын да пайдалануыңызға болады. «Борышкерлер мен тыйымдар тізілімі» батырмасын таңдап, тек ЖСН енгізсеңіз, сіздің қарызыңыз туралы ақпарат, сот орындаушысының аты-жөні және оның телефоны шығады. Егер сіз борышкер болмасаңыз, сіздің шоттарыңыз бен мүліктеріңізге ешкім тыйым сала алмайды», деп сөзін түйіндеді ол.