Қарағандыдағы облыстық ауруханада жаңа реанимация бөлімшесі ашылды

Жаңа күн

Қарағандыдағы облыстық клиникалық ауруханада заманауи реанимация бөлімшесі ашылды. Жаңа кешен санитарлық-эпидемиологиялық стандарттарға сәйкес, желдету жүйесімен жабдықталған.

Науқастарды ауа арқылы тарайтын түрлі инфекциядан қорғау маңызды,- дейді дәрігерлер. Мұндай жоба облыста алғаш рет қолға алынып отыр.

Жаңа бөлімшедегі палаталардың ауасы терең тазарту мен дезинфекциялаудан өтеді. Мұнда науқастар толықтай оқшауланған. Реанимациялық бөлмелердің қабырғасы бактерияға қарсы арнайы материалмен қапталған. Сондай-ақ ем алушылардың жағдайын тәулік бойы бақылайтын мониторинг жүйесі бар.

Жандос Бәкір, облыстық клиникалық аурухананың реаниматолог дәрігері:

- Реанимациялық бөлмелерде арнайы тұрақты оң қысымның арқасында ауа әрдайым 80 пайызға таза және де әр пациенттің төсегінің үстінде таза ауа беретін арнайы НЕРА-фильтрмен жабдықталған желдеткіш орнатылған. Соның арқасында ауруханаішілік инфекцияның таралуын алдын алады және науқастың тез сауығуына әсер етеді.

9 науқасқа арналған реанимация бөлімшесі халықаралық стандарттарға сәйкес салынған. Палаталар соңғы технологиямен жабдықталған. Көпфункционалды кереуеттерде науқастарға оттегі беретін арнайы құрылғы бар. Лифт те қарастырылған. Жеткізілген науқасты жеделсаты арқылы бірден жансақтау бөліміне апаруға мүмкіндік бар.

Ирина Каримова, облыстық клиникалық аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі:

- Науқастар бізге жедел жәрдем бөлімшесінен келеді. Жағдайы ауыр болса жеделсаты арқылы бөлек палатаға жеткізіп, тексереміз. Бізде жоспарлы емделушілерге арналған бөлек палата да бар. Ол 6 адамға шақталған.

Алдағы бес жылда өңірдегі 11 ауруханада осындай реанимациялық бөлімше ашылады. Жалпы облыстағы медициналық мекемелердің заманауи жабдықтармен қамтылуы деңгейі – 93 процент. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті арттыру жоспарланып отыр. Алдымен реанимациялық, хирургиялық және травматологиялық бөлімшелер қайта жабдықталады. Бұған қоса 2020 жылдан бері созбалаңға салынған онкологиялық аурухананың операциялық-реанимациялық блогының құрылысы да аяқталады.

Бибігүл Төлегенова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Операцияларды уақытылы өткізіп, науқастарға жағдай жасау үшін бұл нысанның маңызы зор. Құрылыс жұмыстарын аяқтау мақсатында биыл жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Сондай-ақ оны жабдықтауға қажетті қаражат мәселесін Қаржы министрлігі қарап жатыр.

Өңірде сәуір айында ядролық диагностика орталығының құрылысы басталады. Жаңадан бой көтеретін нысан сапалы әрі заманауи құрылғылармен жабдықталады. Осылайша науқастар дертіне дауа іздеп шетелге сабылмай-ақ өңірде емделе алады,- дейді жауаптылар.

Асланбек Шығыр, Лиана Жамлиханова, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит