Қостанай облысында тозығы жеткен аурухана толық жаңартылады

Жаңа күн

Сарыкөл аудандық ауруханасына былтырдан бері күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған ғимараттың әбден тозығы жеткен еді. Жоба бойынша аурухана бастан-аяқ жаңартылады.

Сарыкөл аудандық ауруханасының күрделі жөндеу көрмегеніне жарты ғасырдан асыпты. Тіпті бір кездері жарамсыз жағдайға жетіп, жабылып та қалған. Кейін жеңіл-желпі жөндеу жасалып, қайтадан іске қосылды. Алайда сыйқы қашқан нысанның әр жері жиі сыр беретін.

Есбол Өміртай, Сарыкөл ауылының тұрғыны:

- Кезінде менің өзімнің қызым жатқан. Сол кезде «коридорға» шығуға салқын болды. «Сырость» болды. Сыртынан қарағанда да ешқандай адам тартпайтын ұнамсыз ғимараттың бірі болды.

Сарыкөл аудандық ауруханасын күрделі жөндеу өткен жылдың маусым айында айында басталды. Содан бергі аралықта үш қабатты ғимараттың қасбеті жөнделіп, төбесі бүтінделді. Енді ішкі жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Нұрғожа Байқонов, Сарыкөл аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

- Жөндеу жұмыстары негізінде қазір 57%-і істелінген. Осы емхана пациенттерді қабылдау үшін уақытша істелінген. Қазір осы жерде орын аз. Бірақ осы наурыз айында екінші блогын жұмысқа береді. Бізде қазір стационар басқа зданияда.

Аудандық аурухананың басты проблемасы – ол оның жертөлесі. Жерасты суы жақын болғандықтан, бұл жер үнемі судан арылмайды. Сондықтан іргетасы үгітіліп, құбырлары шіри бастаған. Ал жертөленің дренаж жүйесі, суағары 25 жылдан артық жұмыс істемейді.

Оны қалпына келтіру қымбатқа түсетіндіктен, жобаға енгізілмепті. Қазір мұндағы мамандар жерасты суынан құтылудың өзге амалын қарастырып жатыр.

Анатолий Громченко, мердігер:

- Біз тапсырыс берушімен, жобалаушылармен келісе отырып, жертөледе су сорғыш станциясын орнатқанды жөн деп таптық. Сол үшін бірнеше суағар құдықтар қазамыз. Жерасты суымен толыға беретіндіктен, үнемі сорып отыру керек. Жақын күндері жертөленің қабырғаларын нығайтып, бетон құя бастаймыз.

Екі жылдық бұл жобаның құны 1 миллиард 700 миллион тенге. Жөндеу жұмыстары алдағы тамыз айында аяқталуы тиіс.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг