Цифрлық портал ғылымдағы үдерісті жеделдетеді

Жаңа күн

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалымен өткен Үкімет отырысында ғылымды дамыту мен цифрландыру мәселесі қаралды . Алайда күн тәртібінен тыс қарғын су тасқынының алдын алу шаралары да талқыланып, пысықталды.

Тасқын су 2-3 күн бұрын хабарланады

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, бүгінде ел аумағының 71%-ы қар жамылған. Мұны өткен аптамен салыстырсақ 15%-ға аз. Наурыздағы жылудың себебінен батыс пен оңтүстік өңірде қар еріп жатыр. Температура тағы көтерілсе, еріген қар суының әсерінен тасқын жүруі ықтимал. Ал орталық пен солтүстікте қар әлі жиналып жатыр. Оның үстіне осы айда қар нормадан екі есе көп түседі деп болжанып отыр.

Биыл күн ерте жылынатындықтан, бірқатар аймақта тасқын су жүруі мүмкін. Қаупі жоғары өңірлер қатарында Ақтөбе, Қостанай, Ұлытау, Абай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары бар. Осы жылы «Қазгидромет» алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтама дайындапты. Онда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейінің және ағысының күтілетін ең жоғары мәні, ағын көлемі, сондай-ақ қауіп аймағында орналасқан елді мекендерді белгілеп, болжамды бас­талу күндері көрсетіледі.

Есте болсын, өткен аптадан бастап «Қазгидромет» апта сайынғы гидро­логиялық болжамдарды шығара бастады. Гидрометеорологиялық ахуал күрт өзгерген жағдайда «Қазгидромет» дауылды ескертуді 2-3 тәулік бұрын хабарлайтын болады.

Бірыңғай уақыт белдеуі өзгермейді

Мәжілістің «Amanat» фракциясында бірыңғай уақыт мәселесін талқылау қорытындысы бойынша медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология салаларындағы ғылыми зерттеу институттары, салалық сарапшыларды, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары және мүдделі тұлғалардың қатысуымен, бірыңғай уақыт белдеуінің халық денсаулығына, энергия тұтыну және еңбек өнімділігінің әсеріне мониторинг жүргізілді.

«Жұмыс барысында деректерді зерттеу, сауалнама нәтижелері мен уақыт белдеуі өзгеруіне дейінгі және одан кейінгі көрсеткіштерді салыстыратын кешенді тәсіл қолданылды. Қырықтан астам метрика мен көрсеткіштерді қамтитын уақыт белдеуінің өзгеруі халықтың денсаулығына, энергия тұтынуға, еңбек тиімділігіне, оқушылардың үлгеріміне, жол көлік оқиғалары көрсеткішіне, қылмысқа және басқа аспектілерге әсерін бағалау бойынша зерттеу әдістемесі бекітілді. Нақты деректерге негізделген нәтижелер уақыт белдеуінің өзгеруі халық өмірінің негізгі көрсеткіштеріне теріс әсері болмағанын айқындайды», деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Негізгі бес бағыт

Отырыста ғылымды дамыту мен цифр­ландыру мәселелері туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады. Ол Мемлекет басшысының салаға қатысты тапсырмасына кеңінен тоқталды. Президент 2022 жылы Ғылым академиясы сессиясында ғылымның экономикаға әсерін арттырып, өндіріспен үйлестіріп, ғылымның қолданбалы моделіне көшу бойынша нақты тапсырма міндеттеді. Соған орай 2023–2029 жылдарға арналған Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы мен «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң негізін қалады. Тұжырымдама аясында 5 негізгі бағыт анықталды. Ол – ғылымды басқарудың жаңа моделі, зияткерлік әлеуетті нығайту, университет ғылымын дамыту, қолданбалы зерттеулер мен оның нәтижелерін коммерцияландыру, инфрақұрылым мен цифрландыру ісі.

«Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңды іске асыру аясында 71 нормативті құқықтық акті қабылданды. Ғылыми әзірлемені жетілдіру мен барлық кезеңде қолдау үшін «Техно­логиялық дайындық деңгейін» (TRL) анықтаудың халықаралық әдістемесін енгізді. Ғылымды коммерцияландыру экожүйесін дамыту құралы қарас­тырылып, Ғылым қорына жаңа функциялар берілді: ғылыми жобаны жеделдету, технологиялық бизнес-инкубация­лау, технологиялық брокерлік және венчур­лық қаржыландыру», деді С.Нұрбек.

Оның айтуынша биылғы қаңтардан бастап өңірлік ғылымның рөлі күшейеді. Жергілікті атқарушы органдар ғылыми-технологиялық саясатты іске асыруға өкілеттік алды. Бизнесті ғылыми зерттеу мен әзірлемені қаржыландыруға ынталандыру үшін салықтық жеңіл­дік, жобаларды субсидиялау мен қоса қаржыландыру тетігі енгізілді. Мем­лекеттік қаржыландырудан жеке инвес­тицияларды тартуға көшу жүріп жатыр. Ал ғылымға арналған мемлекеттік тапсырыс өндірістік сектордың қатысуы­мен қалыптастырылуда. Ұлттық ғылым академиясының мәртебесі күшейіп, жас ғалымды материалдық ынталандыру мен қолдау шарасы көзделген.

Стартаптарға арналған венчурлық қор

Коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру жоғары сұраныс пен мемлекеттік инвестицияның маңызды екенін көрсетті. Бұл конкурстың қаржыландыру көлемі кейбір өңірлік және макроөңірлік венчурлік қордың орташа көрсеткішінен асып түсті. Нәтижесінде, Ғылым қоры deep tech жобаларын тұрақты қолдайтын институт ретінде қалыптасуға мүмкіндік алды.

«Осы бағытта Ғылым қоры кезең-кезеңімен трансформацияланып, венчурлік тетіктерді әзірлеуді бастады. Бұл жеке капиталды тартып, венчурлық қорларға, соның қатарында халықаралық қорларға инвестиция салуға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл тәуекелдерді мемлекет пен жеке инвесторлар арасында бөлуге, технологиялар трансфертін жеделдетуге және ғылымды қажетсінетін салалардағы стартаптар үшін экожүйе қалыптастыруға бағытталған. Осы мақ­сатта Ғылым қоры технологиялық бро­керлік тетікті іске қосады», деді министр.

Студенттер мен оқытушылар ЖИ-ді меңгереді

Жаңа бағдарлама 100 мың студент пен 600 оқытушыны ЖИ және кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға тартады. Ерекше назар Deep Tech-стартаптарды құруға бағытталады. Бағдарлама Стэнфорд жоғары білім беру мектебінің бас технологиялық директоры Пол Кимнің қатысуымен әзірленді. «AI-Sana» стартап-ұлт идеологиясын қалыптастырудың негізгі драйвері болады. Бағдарлама адами капиталды дамытуға, жоғары технологиялық шешімдерді енгізуге және технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға ықпал етеді.

Сондай-ақ ғылым саласындағы деректің цифрлық экожүйесі құрылуда. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң ақпаратты жинау, өңдеу және талдау үшін бірыңғай цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыруды көздейді. Бұл экожүйе сандық ғылыми порталға негізделген. Ол ғалымдар, ҒЗИ, ЖОО, мемлекеттік орган мен сарапшыға бірыңғай терезе болады.

Бизнес-үдеріс тиімділігі 70%-ға өсті

Ғылымның цифрлық трансформа­циясы дерек негізінде қабылданатын заманауи технология мен шешімге сүйенетін ұлттық экожүйені қалып­тастыруға бағытталған. Бұл тәсіл ғылыми білімді неғұрлым тиімді мемлекеттік басқаруды қамтамасыз етеді. Қазір ғылым саласында мемлекеттік қызметтің 12 түрі көрсетіледі, оның бәрі онлайн-форматта қолжетімді. Өткен жыл қоры­тын­дысы бойынша 15 мыңнан астам мем­лекеттік қызмет жасалды. Оның 95%-ы электрондық форматта көрсетілген.

«Цифрлық трансформация шеңберін­де ең көп сұранысқа ие 19 бизнес-үдеріс­ке реинжиниринг жүргізілді. Нәтижесінде, бірқатар байланысты үдерістерді жетілдіруге мүмкіндік туды. Олар – ғылыми зерттеуді қаржыландыру, ғылыми немесе ғылыми-техникалық қызмет субъектісін аккредиттеу туралы куәлік беру, ғалымды ынталандыру, мысалы, ғылым саласындағы сыйлық­тар мен стипендиялар. Реинжиниринг нәтижесінде бизнес-үдерістердің тиімділігі 70%-ға өсті», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Енді саладағы барлық үдерістерді «Ұлттық инновациялық жүйенің бірыңғай терезесі» арқылы цифрландыру ұсынылады. Әрі қарай нақты уақыт режімінде тиімділікті бақылау мен талдау үшін жасанды интеллект агенті енгізіледі.

Ғылымды қаржыландыру ІЖӨ-нің 1%-ына дейін артады

Премьер-министр Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ғылым саласындағы реформаның қарқыны мен сапасын сақтау ісінің маңызы туралы айтқанын атап өтті. Кейінгі жылдары отандық ғылымның дамуына оңтайлы жағдай жасалып келеді.

6 жылда ғылымды республикалық бюд­жет есебінен қаржыландыру 6 есеге ұлға­йып, биыл 252,5 млрд теңгені құрады.

«Ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес саланы қаржыландыру ішкі жалпы өнімнің 1%-ына дейін артатын болады. Ғылыми, ғылыми-техникалық және инно­вациялық қызметті салааралық үйлес­тіру мақсатында өткен жылы «Ғы­лым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды», деді О.Бектенов.

Оның айтуынша, бизнестің ғылымға инвестиция салуын ынталандыруға биыл 1 қаңтардан бастап салық жеңілдіктері енгізілді. Ғалымдарды әлеуметтік қолдау бағытында бірқатар нақты шара қабылданды. Ғылым­ның басым бағыттары бойынша іргелі зерттеулермен айналысатын ғалымдар тіке­лей қаржыландыруға ие болды. Жыл са­йын 250-ден астам жас ғалым әлем­нің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді.

Ғылым және жоғары білім министр­лігіне Қазақстанға ең үздік шетел­дік университеттерді тарту жұмы­сын жандандыруды тапсырған Үкімет басшысы, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, ғылымға негізделген аумақтардың – ғылыми қалашықтардың құрылуы ғылымның, технологиялар мен инновацияның дамуына серпін беретінін алға тартты.

Қорыта айтқанда, отандық ғылымның тиімділігін арттырып, инвестициялық тартымдылығын, барлық үдерістің ашық әрі бүкпесіз болуын қамтамасыз ету үшін жұмысты барынша жандандыру қажет болады. Үкімет басшысы осыған байланысты бірқатар міндет жүктеді.