Алтайда айтыс өтті

Жаңа күн

Халық айтысқа әбден сусапты. Әйгілі жазушы Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына орай Өскеменде өткен жыр додасына жиналған жұртта қисап болмады. Облыстық филармонияның 700 орындық залы лық толды. Ішке сыймаған жұрт тыста тұрып тыңдады. Көрермен қол соғып, қиқу қосқанда ақындар да арқалана түскен. Иә, бұл күні айтыс сүйер қауымның айызы бір қанды.

Биыл Шығыстан шыққан қос қаламгер – Қалихан Ысқақ пен Дидахмет Әшімханұлының мерейтойлары. Осы атаулы күндерге арналған іс-шаралар легі ақын Ақтан Нұрбаев атындағы ақындар мектебінің ашылуымен басталды. Ақ­тан Нұрбаев ақын кеңес ке­зеңінде өңірімізде айтыс өне­рін дамытуға атсалысқан еді. Жазған өлеңдері де өріліп түс­кен, мағынасы терең. Ақын атындағы мектеп айтыс өнеріне ден қойған дарынды жастардың басын қосып, бағыт-бағдар бе­ріп, таланттарын шыңдауды мақ­сат еткен. Лентасын айтыс­тың атасы Жүрсін Ерман, ақын Ұлықбек Есдәулет, жазушы Әлібек Қаңтарбай қиған соң жаңа орта ілгері басып, іргелі мектепке айналуға тиіс те. Бұл іс-шарадан соң құрметті қонақ­тар айтысқа асыққан. Кең сарайдың іші­нен ине шаншыр орын тап­па­ған көрермен сыртқа жай­ғасып, айтыс тыңдауға ыңғай­ланыпты. Алайда орын­ның бол­мағанына ешкім қабақ шыт­пады. Керісінше рухани кеш­ке халықтың көптеп жинал­ғаны қуантты.

Айтыс ә деп басталғанда-ақ тыңдарманды ұйытып әкетті. Ақындар бір-бірімен тістесіп, әзілдесіп, жыр шумақ­тарын төккенде көрермен «бәрекелді» десіп, қолпаштап отырды. Өңір­дің мәселелерін де түйреп өтті. Рүстем Қайыр­тай облыстық драма театр­ға Қалихан Ысқақ­тың атын беру керек деп бір орап өтсе, жазушының ауылында ауыз­судың жоқтығын айтып, бір түйреді.

Айтыс кешке дейін жалғас­ты. Орын алып үлгермеген кө­рер­мен сол қалпы тікесі­нен тік тұрып тамашалады. Қан­дай мега жұлдыз ке­ліп өнер көрсетсе, соңына дейін шы­дамас еді ел. Бұл деге­німіз төл өнердің құдіреті дер­сіз. Сөйтіп, айтыстың бас бәй­гесі жергілікті ақын Серік Қуан­ғанға бұйырса, бірінші орын­ды Рүстем Қайыртай еншілеп, Алтын домбыраға жолдама алды. Екінші орынды Аспан­бек Шұғатаев пен Иранғайып Күзенбаев алды. Ал үшінші орын Жансая Мусина мен Біржан Байтуовқа берілді.

Жазушыларға арналған рухани іс-шаралардың бұл – басы. Дүбірлі той жаздың күні туған жерлерінде жалғасын табады.

Өскемен