Түркия туризмнен өте қомақты табыс табуды көздейді

Жаңа күн

Түркия былтыр 62 миллионнан астам турист қабылдап, рекорд жаңартты.

Бірақ олар мұнымен шектелмей, биыл көрсеткішті көбейтуге ұмтылып жатыр. Бауырлас елдің демалыс орындары қазақ туристері үшін таңдаулы жерлердің бірі.

«Мұржасыз өнеркәсіп». Түрік жұрты туризм саласын осылай атайды. Қоршаған ортаға экологиялық залалы жоқ экономикалық табысы мол сала. Былтыр түрік демалыс орындарынан түскен табыс 61 млрд доллардан асты. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 8,3% көп.

Мехмет Нұри Ерсой, Түркияның мәдениет және туризм министрі:

- Біз 2024 жылды 62,3 миллион туристті қабылдадық. Ал 2025 жылға арналған мақсатымыз 65 миллион турист пен 64 миллиард доллар табысқа жету. Түркия жыл сайын туризм саласында жаңа рекордтар орнатып келеді. Сонымен қатар бір туристен түсетін кіріс 2017 жылы 83 доллар болса, 2024 жылы 108 долларға жетті. Бұл 31%-дық өсім деген сөз.

Былтыр 1 миллионнан астам қазақстандық шетелдерде демалыпты. "Туристік Қамқор" қорының мәліметі осындай. Ал Түркия таңдаулы бағыттардың бірі болған.

Фарук Елмалы, Түркия туризм қауымдастығының төрағасы:

- Қазақстандық туристер көбінесе Түркияның жағажайларын, тарихи орындарын және жоғары сапалы қонақүйлерін таңдайды. Бұған саладағы жоғары қызмет пен қалтаға сай тарифтік жолдамалар себеп. Бұл елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтып, екі елдің экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді. Алдағы уақытта, Түркия Қазақстаннан келетін туристер ағынын арттыруды көздеп отыр.

Алдағы уақытта екі ел арасындағы туристік ағынды арттыру, мәдени және экономикалық байланыстарды нығайту мақсатында нақты бағдарламалар айқындалған. Туризм саласының дамуы ел экономикасына үлкен үлес қосып, көптеп жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.