Бүгін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының Костенко атындағы көмір шахтасындағы жарылысқа қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды. Бұл туралы Бас прокуратураға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
2023 жылғы 28 қазанда жерасты тазарту қазбаларында болған қайғылы оқиға нәтижесінде 46 кенші қаза тауып, тағы 28 кенші жарақат алған болатын.
Бас прокуратура өкілінің хабарлауынша, сот отырысына мемлекеттік айыптаушылар, жәбірленушілер, олардың өкілдері, сотталушылар мен қорғаушылар қатысты.
Еске сала кетейік, қылмыстық істі Бас прокуратура тергеп, нәтижесінде шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық қызметкерлердің қатарынан 10 адам сотқа тартылған болатын.
Барлығына Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылды (тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу). Сотталушылар қамауда.
Прокуратура мәліметінше, іс бойынша 74 адам жәбірленуші деп танылды.
Қылмыстық іс ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №61 мекеме ғимаратында қаралады.
Костенко атындағы шахтада болған апат
Қарағанды облысында Костенко шахтасындағы жарылыс 2023 жылы қазанның 27-нен 28-не қараған түні болған еді. Апат салдарынан 46 кенші қаза тауып, 20-дан аса кенші зардап шеккен.
2023 жылғы 29 қазан жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Қайғылы жағдайдан кейін Қазақстан билігі компаниямен ынтымақтастықты тоқтатып, меншігін мемлекет иелігіне алды.
2023 жылғы желтоқсан айының басында Қазақстан үкіметі ArcelorMittal-дың Қазақстаннан шығуы бойынша келіссөздер сәтті аяқталғанын хабарлады. Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев АМТ жаңа инвесторы кәсіпкер Андрей Лаврентьев екенін мәлімдеді
Кейінірек ArcelorMittal Теміртау ресми түрде QARMET болып өзгертілді.