Қазақстанда жаңа ірі инвестициялық жобалар бекітілді

Жаңа күн

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың жетекшілігімен Инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Басқосуда агроөнеркәсіп кешені, фармацевтика және азық-түлік өнеркәсібі сынды негізгі бағыттардағы инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың өзекті мәселелері қаралды. Сонымен қатар, инвестициялар туралы келісімдердің басты шарттары мақұлданды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бекітілген бастамалар қатарында Khan Tengri BioPharma, Asyl Sugar, Carlsberg Central Asia, Fabe-Agro компанияларының жобалары, сондай-ақ Түркістандағы мақта өсіру агроөнеркәсіп кешені бар.

Khan Tengri BioPharma компаниясы жалпы құны 103 млрд теңгеден асатын биофармацевтикалық зауыт салады. Жоба елдегі маңызды дәрілік препараттарды шығару қуатын арттырып, 180-нен астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Агроөнеркәсіп саласында келесідей жобалар мақұлданды:

Asyl Sugar компаниясы жылына 200 мың тоннаға дейін қант өндіру қуаты бар заманауи қант зауытын салуды жоспарлап отыр. Жоба қант қызылшасын терең өңдеуге, импортты алмастыруға және еліміздің стратегиялық азық-түлік өнімдері бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыруға бағытталған. Жалпы инвестиция көлемі – 72 млрд теңге.

Carlsberg Central Asia өндірістік қуатын жылына 340 млн литрге дейін ұлғайта отырып, сусындар өндірісін кеңейту жобасын жүзеге асырады. Жоба аясында энергия үнемдейтін технологиялар мен жаңа өндірістік желілер енгізіледі, бұл бәсекеге қабілетті өнім шығару көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Инвестиция көлемі – 216 млрд теңге.

Fabe-Agro компаниясы жылына 38 мың тонна көкөніс өңдеу қуаты бар агроөнеркәсіп кешенін құрады. Кешеннің құрамына жем-шөп, өсімдік майлары және басқа да өнімдер өндірісі кіреді. Бұл шикізатты жергілікті жерде өңдеуді дамытуға және импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Инвестиция көлемі – 68 млрд теңге.

Түркістандағы мақта өсіру агроөнеркәсіп кешені жылына 121 мың тонна өндірістік қуаты бар мақтаны терең өңдеу жобасын жүзеге асырады. Бұл тоқыма өнімдеріне дейінгі толық циклді жолға қоюға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жеңіл өнеркәсіптің дамуына мүмкіндік береді. Жалпы инвестиция көлемі – 58 млрд теңге.

Аталған жобалардың барлығы азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, импортты алмастыруға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталған.

Сонымен қатар күн тәртібінде PepsiCo компаниясының тұзды жеңіл тағамдар шығару жобасын инфрақұрылыммен қамту мәселесі де талқыланды. Жоспар бойынша кәсіпорын жылына 70 мың тонна дайын өнім өндіреді, ал инвестиция көлемі шамамен 200 млрд теңгені құрайды.