Ақмола облысында су тазарту станциясы салынды

Жаңа күн

Ақмола облысына қарасты Державинск қаласында жаңа су тазарту станциясы салынды.

Енді аудан орталығындағы 5 мыңға жуық тұрғынды таза ауызсумен қамтуға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, шағын шаһардағы ескі құбырлар да толығымен жаңартылды. Қазір Жарқайың ауданындағы 19 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.

Державинск қаласының сумен жабдықтау жұмыстарына ел қазынасынан 2 млрд теңге бөлінді. Қомақты қаржыға аудан орталығындағы 19 шақырым құбыр желісі ауыстырылып, ең бастысы жаңа су тазарту станциясы салынды. Мұнда тәулігіне 4 мың 800 текше метр суды сүзгіден өткізеді.

Шахмұрат Өтеш, мердігер:

- Су ашық түрде Есіл өзенінен келеді. Фильтрдан екі этаптан өтеді. Сосын резервуарға барып, әрі қарай халыққа ауызсумен қамтамасыз етеміз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, біріншісі құмнан өтеді. Сосын әрі қарай таза ауызсу қамтамасыз етіледі.

Стратегиялық маңызды нысан толығымен автоматтандырылған. Заманауи қондырғылар Израильдан әкелінген. Шағын шаһар тұрғындары жаңа станциясының құрылысын көп күткендерін айтады. Өйткені, олар осы уақытқа дейін дәмі кермек татыған сапасыз тіршілік нәрін тұтынып келді.

Рәзия Тұрлыбекова, Державинск қаласының тұрғыны:

- Енді әр үйде сапалы ауызсу болады. Өте қуаныштымыз. Біз бұл күнді жылдар бойы асыға күттік. Осыған дейін тіршілік нәрінен тарыққан жоқпыз. Бірақ бар суымыз өте сапасыз болатын. Сондықтан кей тұрғындар тасымалдап немесе сатып алуға мәжбүр болды. Қазір осы мәселенің бәрі шешімін тапты.

Жалпы биыл өңірде 36 ауыл орталықтандырылған сү жүйесіне қосылды. Бұдан бөлек, халық саны аз 42 елдімекенге су тазарқыш модулін ортанатылды. Жауаптылардың сөзінше, жыл соңына дейін аймақ тұрғындары 100 пайыз таза ауызсумен қамтылады.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Азат Аитов