Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымсыз. Президент елге қаржы тарту жұмыстарын қатаң сынға алды. Оның айтуынша, "қазір шикізат салаларына көп қаржы құйылып жатыр. Бірақ бүгінде міндет басқа — өңдеу саласына көбірек қаражат тарту керек. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бірқатар тапсырма берді.
Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:
- Қазір дүние жүзінде инвестиция үшін талас күшейіп барады. Сондықтан бұл салаға қатысты жаңа ұстаным қажет деді Президент. Елге қомақты қаржы тартудың маңыздылығына тоқталған Мемлекет басшысы Үкіметке инвестиция саясатын түгел жаңғырту жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еліміздегі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесі күрделі әрі бытыраңқы. Қағазбастылық көп, түрлі органдардың құзыреттері қайталанады. Ал, қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция тарту – кезек күттірмейтін мәселе, бізге жаңа ұстаным керек. Қалай болса да, инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей Премьер-министрге жүктеледі. Жаңа министрлік құрудың қажеті жоқ. Бірақ, көзге оттай басылатын нәрсе: елімізде бірде-бір мекеменің атауында инвестиция деген сөз жоқ. Инвестиция тіпті, жетім бала сияқты үш-төрт мекемеге ортақ мәселе болып, өз жолын таппай жүр. Сондықтан Премьер-Министр он күн ішінде нақты ұсыныс беруге тиіс. Бұдан бөлек, Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын мейлінше қысқа мерзім ішінде әзірлеуді тапсырамын.
Инвесторлардың құқығын қорғау комитеті құрылады
Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауы енді "Инвесторлардың құқығын қорғау комитеті" деп өзгертіледі. Мемлекет басшысы Бас прокуратура бұл бағытта жақсы жұмыс істегенін және қазынаға 850 млрд теңге қайтарылғанын да атап өтті. Бұл қаражатқа 10 мектеп, 4 спорт ғимараты, 235 денсаулық сақтау мекемесі салынып, модернизацияланды. Бұдан бөлек Президент: «Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлін қайта қарауды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жалпы инвестициялық келісім жасау тәсілі өз тиімділігін көрсетті. Біз Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлін қайта қарауымыз керек. Қорды қосымша инвестиция көзі ретінде қолдану үшін ел ішіндегі болашағы зор және нарықтағы әлеуеті жоғары болатын жобаларға қаржы бөлуге болады. Ең бастысы қаражатты мұқият ойластырып жұмсау керек. Бұл іске, қажеті болса, сапалы сараптама жасай алатын халықаралық деңгейдегі басқарушылар мен инвесторларды тартуға болады.
Инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей Премьер-министрге тапсырылды. Жолдауда айтылған осы бағыт бойынша Үкімет жақын арада оңтайлы шешімдер ұсынуға міндеттелді. Бастысы «Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет. «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай жасалуы керек». Бұл басты назарда.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Диас Ковланбаев