Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 8-отырысы айшықты оқиғалармен және стратегиялық маңызды келісімдермен есте қалды.
Онда құны 15 млрд доллардан асатын 70-ке жуық құжатқа қол қойылды. Келісімдердің көп бөлігі «Самұрық-Қазына» компаниялар тобына тиесілі. Бұл энергетика, логистика, цифрлық технологиялар саласында жаңа жобалар пайда болады деген сөз.
Бейжіңдегі іскерлік кездесу Қазақтан-Қытай серіктестігіне үлкен серпіліс әкелді. «Самұрық-Қазына» көрші елдің ірі компанияларымен маңызды келісімдерге қол жеткізді. Мәселен, Huawei компаниясымен цифрландыру саласында стратегиялық әріптестік жасалды, «ҚазМұнайГаз» бен CNPC бірлескен кәсіпорнын құру жайлы келісті.
Нұрлан Жақыпов, "Самұрық-Қазына" АҚ Басшысы:
- «Қор Қытай, Ресей, Катар, Италия, Франция және басқа да елдердің серіктестерімен бірлесіп ірі жобаларға инвестиция құяды. Біздің портфелімізде жалпы құны 100 млрд АҚШ долларынан асатын 130-дан астам жоба бар.
Жамбыл облысында жел энергетикасына арналған компоненттер өндіретін алғашқы кешен де осы жиынға орай ашылды. Рекордтық мерзімде салынған зауыт — «Самұрық-Қазына» қоры мен SANY Renewable Energy компаниясы бірлескен жұмыс нәтижесі. Бұл Қазақстандағы және ТМД аумағындағы алғашқы зауыт.
Нұрлан Жақыпов, "Самұрық-Қазына" АҚ Басшысы:
- Біздің серіктестеріміз CITIC, CNPC, Energy China, CRRC, Huawei, CNNC, Sany, China Power International Holding Ltd сияқты компаниялар. Қытайлық серіктестермен елімізде танымал жобалар бірлесіп орындалуда, Олар мұнай-газ, көлік өнеркәсібі, көлік және логистика, энергетика, цифрландыру және телекоммуникация салаларын қамтиды.
Бүгінде Қытай экономикасы әлемнің алдыңғы қатарында. Сондықтан бұл елмен инвестициялық серіктестік Қазақстан үшін маңызды. Ал бірлескен жобалар — жаңа жұмыс орындарын ашып, өнеркәсіптің дамуына үлес қосады.
Ғазиза Мұхамеджанова