Алматы әкімдігі ресейлік БАҚ-тың қалада ресейлік саясаткер Владимир Жириновскийге ескерткіш орнату жоспары туралы ақпаратына түсініктеме бере отырып, мұндай ұсыныс түспегенін мәлімдеді.
"Мәдениет басқармасына Владимир Жириновскийдің ескерткішін орнату туралы өтініш түскен жоқ. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия тиісті ұсынысты қарастырған жоқ", — деп хабарлады әкімдік.
Ресейлік ТАСС басылымы хабарлағандай, 2026 жылы бірнеше қалада Владимир Жириновскийге арналған ескерткіштер ашылады. Сол қатарда Алматы қаласында да қазаққа қарсы саясаткерге ескерткіш орнату жоспарланып отыр екен.
Саясаткер Қазақстанға қарсы мәлімдемелерімен есте қалды. Атап айтқанда, 2014 жылы Жириновский Қазақстан және Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан Ресейге қосылып, оның Орталық Азия федералды округіне айналуы керек деген еді. Осыдан кейін Жириновскийді Қазақстанда, Қырғызстанда персона нон грата деп жарияланды.
Атышулы саясаткер, әсіре ұлтшыл ЛДПР фракциясының жетекшісі Владимир Жириновский ұзаққа созылған аурудан кейін 2022 жылы сәуірде 75 жасында қайтыс болды.