2033 жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік технология өндірісіндегі үлесі 30%-ке дейін артады .
Осылайша, айналасы 7-8 жылда оның жаһандық нарықтағы көлемі 5 триллион долларға жетпек. Сарапшылардың осы бір болжамын алға тартқан Мемлекет басшысы Қытаймен осы бағытта тығыз байланыста жұмыс істеу ниетін білдірді.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Осыдан бірер ай бұрын Қытай жасанды интеллект саласындағы жаһандық ынтымақтастық ұйымын құруды ұсынған еді. Мақсат – көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап жатқан технологияны реттеудегі жаһандық күш-жігерді үйлестіріп, Қытайдың жасанды интеллекті саласындағы үздік жобаларын бөлісу. Өйткені жоғары технология – бұл да жұмсақ күш. Оны уысында ұстап, басымдыққа ие болғысы келетін елдер жоқ емес. Бұндайға жол бермес үшін жасанды интеллектінің жетістіктерін бөлісу маңызды. Дәл осы себепті Қазақстан көршілес елдің бастамасын қолдайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті кезінде осы туралы ресми мәлімдеме жасаған. Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің кезекті отырысында Мемлекет басшысы біздің елде цифрлық экономиканы дамытуда жүйелі шаралар қолға алынғанын тілге тиек етті.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биыл Қазақстанда аймақтағы алғашқы суперкомпьютер іске қосылды. Сондай-ақ Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Біз «Alatau City» жаңа қала салу жобасына айрықша мән беріп отырмыз. Бұл қала елімізде және тұтас аймақта инновацияны, криптоиндустрия мен технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға жол ашатын қуатты орталық болуға тиіс. Осы орайда, біз қытайлық компаниялармен өзара тығыз байланыста жұмыс істеуге ниеттіміз.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Осы ретте қазақстандық тараптың China State Construction Engineering Corporation компаниясымен тиісті келісімге қол қою жоспарланған. Мемлекет басшысы бұл жобаны толық қолдайтынын жеткізді, әрі құрылысты тез арада бастау қажет деді. Ол үшін таяуда «Alatau City»-ге біртұтас экожүйе ретінде арнайы мәртебе берілетінін жеткізді.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Жандос Битабаров