Павлодарда «Келешек мектебі» ашылды

Жаңа күн

Білім күнінде Павлодар қаласында «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған алғашқы білім ордасы пайдалануға берілді. Ол «Достық» шағын ауданында бой көтерді. 1200 балаға арналған мектепке 1050 оқушы қабылданды.

Жаңа мектеп орналасқан шағын ауданда 15 әлеуметтік тұрғын үй салынып, бес мыңдай отбасы баспаналы болған. Бала саны да артып отыр. Биылдың өзінде бірінші сыныпқа 165 оқушы қабылданды.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:

- Алдағы уақытта тұрғындар үшін 240 орындық балабақша, медициналық көмек көрсететін емхана, балаларға арналған көптеген спорт және ойын алаңдарының құрылысы көзделген. Бұған қоса болашақта қалалық мұз арена, 1,5 мың орынға арналған Конгресс Холл және 5 мың орындық бассейні бар спорт кешені бой көтермек.

Мектептің ашылуына еліміздің бас педагогы – Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев арнайы келді. Министрдің айтуынша, бұл мектептер тұтас білім беру жүйесінің жаңа кезеңге қадам басқанын айғақтайды.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Сырт келбеті барлық өңірде бірдей «Келешек мектептерінің» ішкі мазмұны да бірдей болуы керек. Екіншіден «Келешек мектептері» қалған 8 мың мектептің даму бағдарына үлкен серпіліс беретін, пәрмен беретін ресурстық орталыққа айналуы керек.

Толғанай Нұрділдәбекова, қала тұрғыны:

- Мектебіміздің іші өте кең, заман талабына сай жабдықталған. Балаларымыздың сапалы білім алуына қажетті барлық жағдайлар жасалған екен. Ата-ана ретінде қуаныштымыз.

Павлодарда «Келешек мектептері» жобасы аясында тағы екі мектеп салынбақ. Қазіргі таңда 600 орындық мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, 24KZ