Шымкенттегі Президент резиденциясы дарынды балаларға арналған лагерь болып қайта құрылды, деп хабарлайды 24kz.
Енді жаңа оқу жылынан бастап Олимпиада жеңімпаздары, өнертапқыштар, ғылым мен мәдениет саласында жетістікке жеткен балалар ерекше бағдарлама бойынша осында тәрбиеленеді. Бұл туралы педагогтардың тамыз кеңесінде айтылды. Дәстүрлі жиын «Білім келешегі: Адал азамат – кәсіби маман» тақырыбына арналды.
Жаңа оқу жылы қарсаңында 31 педагогке құрмет көрсетілді. Білім жүйесінің дамуына үлес қосып, білікті шәкірт тәрбиелегендерге «Алтынсарин» атындағы төсбелгі мен «Парасат», «Ерен еңбегі үшін» медальдары табысталды.
Ұлған Мәмешова, «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгі иегері:
- Кәсіби ұстаз шәкіртінен әр уақытта мың қадам алда жүруі керек. Берері мол болуы керек. Шәкіртін алға сүйреп, дамыта білуі керек. Әр уақытта кәсіби тұрғыда дамып отыру керек.
Алдағы оқу жылы өңір бойынша 397 мың оқушы білім беру мекемелеріне барады. Оларға қолайлы орта құру мақсатында биыл 10 мектеп күрделі жөнделді. Одан қалды жаңадан 6 нысан салынып жатыр. Жиында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мектептердегі тәрбие жұмысы «Адал азамат» бағдарламасына негізделетінін айтты.
Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:
- Мемлекет тарапынан білім саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Соңғы 4 жыл ішінде ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Қала бюджетінің 37% білім саласына бағытталып, соңғы 2 жылда 39 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Апатты және үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілді.
Конференцияда оқу ордаларының озық жобалары ұсынылды. Цифрлық платформа үйлестірушілері «Білімнің жаңа көкжиегі», «Жасанды интеллект: Ақылды дәуірге қадам», «Кәсіби бағыт – сенімді таңдау» тақырыптарында көрме ұйымдастыр.
Ерасыл анарханұлы, жоба үйлестірушісі:
- «Bilim App» платформасының өзін мықты докторанттар мен болашақ стипендияттар жасап шығарған және біздікі толықтай Оқу-ағарту министрлігімен бекітілген нормативтерге сәйкес келеді. Білімге байланысты дүниелерді сұрай алады. Оқушы да мұғалім де. Оған өзіне керекті ақпараттарды шығарып береді.
Тамыз кеңесі секциялық жиынмен жалғасты. Білім беру ісінің мамандары өзара тәжірибе алмасып, «Мектепішілік басқару», «Саланы цифрландыру» мен «Сапаны арттыру» тақырыптарында баяндама оқыды.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов