Үш қатысушы "Қазақстанның лайықты азаматы" конкурсының жеңімпазы атанып, BI Group-тан пәтер иеленді

Жаңа күн

BI Group "Қазақстанның лайықты азаматы" республикалық конкурсының жеңімпаздарына пәтер кілттерін табыстады. Тәуелсіз қазылар алқасының және 20 шілде мен 5 тамыз аралығында өткен онлайн дауыс беруге қатысқан он мыңдаған қазақстандықтардың шешімімен 10 финалистің ішінен үш жеңімпаз іріктелді.

2025 жылғы жобаның жеңімпаздары:

Қайрат Сабиров - еліміздегі тұңғыш балаларға арналған парахоккей секциясының негізін қалаушы, ерекше қажеттіліктері бар балаларға мұз айдынына шығып, өз күшіне сенуге жігер берген тұлға. Қайрат үш бөлмелі пәтердің иесі атанды;

Айжан Каркенова – қиын жағдайға тап болған, нәрестелі әйелдерге уақытша баспана мен қолдау көрсететін "Ты не одна" жобасының авторларының бірі. Айжан екі бөлмелі пәтерге ие болды;

Гүлназ Космурзиева – "Biz de adambyz" қорының негізін қалаушы және Атыраудағы алғашқы инклюзивті "Талшын" театрының бастамашысы, онда ерекше қажеттіліктері бар адамдар сахнада өнерлерін көрсете алады. Гүлназға бір бөлмелі пәтер берілді.

Фото: BI Group

Үш финалист BI Group рекордты 45 күннің ішінде салған Астананың сол жағалауындағы SPACE тұрғын үй кешенінен бір, екі және үш бөлмелі пәтерлерді иеленді. Үйлер әрленген күйде табысталды, бірден көшіп келуге дайын.

Конкурс туралы:

"Қазақстанның лайықты азаматы" 2016 жылдан бері өткізіліп келеді. Жобаның мақсаты – қазақ қоғамының дамуына үлес қосып жүрген белсенді және әлеуметтік жауапкершілігі жоғары адамдарды қолдау. 2025 жылы бұл жоба BI Group-тың мерейтойлық "30 игі іс" бағдарламасына енді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз