Елімізде 8 облыста көлік қозғалысы шектелді

Жаңа күн

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астанадан шығатын барлық күре жолдарда көлік қозғалысы шектелді. Таңнан бері жауған қар мен ақтүтек боранның салдарынан қала ішінде де қозғалыс қиындап, 100-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. 207 адам түрлі дене жарақттарын алған. Республиканың басқа өңірлерінде де жағдай мәз емес. 8 облыста ірі автожолдар жабылған. Ахуалды толығырақ тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес баяндасын.

Үйімізде бала-шағамыз бар қалай ол?! Бәрібір жетіп баруымыз керек. Пешіміз бар, кішкентай балаларымыз бар.
Қарағанды жабық деп естігенмін. Бірақ мен Жібек жолына бара жатырмын.
Қарағандыға жол жабық, ешқайда бара алмайсың. Полиция қызметкерлерімен сөйлесіп берсеңіздерші. Қонақ үйге барып жататын.

«Астана-Қарағанды» тас жолы жабылып, елордадан көрші облысқа бет алғандар Күйгенжар бекетінен кері қайтарылып жатыр. Өйткені ақтүтек боранның салдарынан 50 метрден әрі қарай түк көрінбейді.

Қазавтожол компаниясының мәліметінше, Астанадан шығатын барлық күре жол жабылған. Басқа өңірлерде де жағдай мәз емес. Мәселен, республиканың 8 облысында көлік қозғалысы шектелген.

Сәкен Ділдахмет, «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ ресми өкілі:

13 республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында шектеу қойылды. Атап айтатын болсақ, Абай, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, СҚО, Ұлытау облыстарында. Қазір жолдарды тазалау және инертті материалдарды төсеу бойынша 550-ден астам техника мен 900-ден астам жолшы маман қызмет атқаруда.

Астанадан маңайдағы елдімекендерге қатынайтын № 310, 315, 316 және 317 сынды 10 бағыт бойынша жүретін автобустар да уақытша тоқтатылды. Қазір қаланың өзінде қозғалыс қиындап, бүгін 100-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді. Сондай-ақ 207 адам түрлі дене жарақаттарын алған.

Ауа райының қолайсыздығы салдарынан бүгін таңертеңнен бері дәрігерлерге түрлі дене жарақаттарымен 207 адам жүгінді. Оның 97-сі бала. 7 азамат аураханаға жатқызылды. Үсік шалғандар жоқ.

Астана халықаралық әуежайы баспасөз қызметінің мәліметінше, әлі де рейстер кешігіп жатыр. Атап айтсақ, 6 рейс ұшу уақытынан бір-екі сағатқа ауытқыған. Синоптиктер алдағы күндері қар жауып, боран және көктайғақ болатынын ескеркетеді. Кейбір өңірлерде тұман түсуі де ықтимал. Мамандар тұрғындардан әзірге алыс сапарға шықпауларын сұрайды. Егер жолда қалып қойсаңыз жақын маңдағы елдімекендерге барған жөн немесе тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс нөміріне хабарласуға болады.

Нұрсұлтан Тілектес