Канадада Қазақстанның тау-кен саласындағы мүмкіндіктері таныстырылды

Жаңа күн

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Канадада өткен пайдалы қазбаларды барлау және өндіру жөніндегі беделді халықаралық көрмеде Қазақстанның тау-кен саласындағы мүмкіндіктері таныстырылды. Жиында қазақстандық делегация әлемнің әр бұрышынан келген инвесторлармен елімізге инвестиция тарту, геологиялық барлау жұмыстарын жетілдіру мен жаңа ынтымақтастық орнату жайын талқылады.

Торонто қаласында өткен шара тау-кен саласы бойынша әлемдегі ең беделді халықаралық көрме. Себебі тоқсан жылдан аса тұрақты өткізіліп келеді. Қазақстан тарапы да осы аса маңызды көрмеге төртінші жыл қатарынан қатысып жүр. Биыл да 135 елден жеткен 30 мыңға жуық адамға үш күн бойы еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін паш етті.

Ренат Бектұров, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

Біздің бұл жерге келгендегі мақсатымыз, әрине, осындай мүмкіндіктер туралы айту, инвесторларды елімізбен таныстыру, біздің еліміздегі тәуекел деңгейі туралы дұрыс мағлұмат беру, түсіндіріп беру, еліміздегі жаңағы заңнаманың өзгеруі инвесторларға қандай мүмкіндік ашып жатқанын айту және жергілікті қаржылық институттар, оның ішінде фондтарды қаржыландыру бойынша мүмкіндіктер туралы айтып беру.

Қазақстан уран, хром, мыс, мырыш, боксит пен алтын өндіруде алдыңғы қатарда. Таукен өндірісі жалпы ішкі өнімінің елеулі бөлігін бөлігін алады. Ал, дүниежүзілік банктің есебіне қарағанда, елімізде құны 46 триллион долларға пара пар 5 мыңнан астам кен орны бар. Осы орайда, инвесторлар мен алпауыт бизнес өкілдері үшін «Әлемнің тоғызыншы елінің геологиялық әлеуеті» атты форум ұйымдастырылды.

Х Пол Лефевр, Садбери қаласының мэрі:

Қазақстанның тау кен индустриясындағы әлеуетінің күшейіп келе жатқанына куә болып отырмыз. Соңғы жылдардағы ұтымды реформалар, қолайлы инвестициялық климат пен үкіметтің ашықтығы біздің өңірмен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарына жол ашады деп есептеймін.

Дэн Кисельбах, «Miller Thomson IIP» компаниясының серіктесі:

Канада мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізгіміз келеді. Себебі Қазақстанның тау-кен саласындағы әлеуеті зор. Инвестиция құюға қолайлы жағдай жасалғанын біліп отырмыз. Тіпті Қазақстанды инвестициялық жобалар хабы десек те болады. Бұл біз сияқты шетелдіктердің қызығушылығын арттырары сөзсіз. Және үкімет өкілдерімен бетпе-бет сөйлесудің мүмкіндігі болып, толғандырған сұрақтарымызға жауап та ала алдық. Бұның барлығы күдік-күмәнді азайтып, болашақта батыл қадам жасауға мүмкіндік береді.

Қазақстанмен серіктестікті жандандыру мақсатында канадалық Teck Resources, First Quantum Minerals, Cameco, Major Drilling және Nutrien секілді алпауыт компаниялармен екіжақты кездесулер өтті. өзге де америкалық және австралиялық бизнес өкілдері елімізбен әріптестік байланыс орнатуға қызығушылық танытып отыр.

Жалғас Сәдібекұлы