Алматы жаңа жұмыс кестесіне көше ме? Әкімдік жауабы

Жаңа күн

Алматы әкімдігі өкілдері қарбалас уақытта кептеліс мәселесін шешу үшін жұмыс кестесі өзгере ме деген сауалға жауап берді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Алматыда көлік шамадан тыс көп екенін ескерсек, жұмыс күні басталатын уақыт ауыстырылуы мүмкін бе?" — деп сұрады БАҚ өкілдері.

"Қоғамдық көлік қозғалысының кестесіне, соның ішінде жұмыс күні басталатын уақытқа өзгерістер енгізу әзірге қарастырылып жатқан жоқ", — деді Алматы әкімінің баспасөз қызметі өкілі.

Қарбалас уақытта кептеліс мәселесін шешуге қатысты әкімдік былай жауап берді. Әкімдік мәліметінше, Үкімет Алматы агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіткен.

"Бұл құжат Алматыда, оған іргелес аудандарда әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын үйлестіруге, оны дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, Алматы әкімдігі қоғамдық көлікті дамытып, қала инфрақұрылымын жақсартатын және жеке көліктерді пайдалануды азайтатын шараларды қамтитын кешенді стратегияны іске асырып жатыр", — деп жазылған жауапта.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында жаңа жұмыс кестесі жарияланды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget