Ертістің бойында да күн күйіп тұр.
Температура күндіз 40°C-қа дейін көтерілді.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай ыстық алдымен қарт адамдар, балалар және созылмалы ауруы бар тұрғындар үшін өте қауіпті. Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға аса қажеттілік болмаса далаға шықпауды ескертеді.
Бұл күндері жедел жәрдем қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Облыс бойынша күніне сегіз жүзге тарта шақырту түседі. Адамдар негізінен бас айналу, әлсіздік пен қан қысымының көтерілуіне шағымданады. Облыстық жедел жәрдем станциясының эпидемиолог-дәрігері Ирина Сорокинаның айтуынша, жаз басталғалы 11 мыңнан астам шақырту тіркеліпті. Оның екі мыңы балаларға қатысты екен.
Ирина Сорокина, дәрігер-эпидемиолог:
- Жаздың алғашқы айы ерекше ыстық болды. Соның салдарынан тұрғындар арасындағы қауіп артты. Қоңырау саны 20 пайызға көбейді.
Аптап ыстыққа байланысты балабақшалар мен мектеп жанындағы лагерьлерде балалардың таза ауада серуендеуіне уақытша шектеу қойылды. Ал құтқарушылар өзен-көлдердің маңындағы қауіпсіздікті бақылауға алған.
Данил Соловей, құтқарушы:
- Тұрғындар рұқсат етілмеген жағажайларға барады. Су жанында ішімдік ішетіндер мен балаларын қараусыз қалдыратындар бар. Біз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Мамандар аса қажеттілік болмаса, күннің аптап ыстығында далаға шықпауға кеңес береді. Жеңіл киім киіп, көбірек су ішу маңызды ережелердің бірі. Ауа райының қолайсыздығына байланысты облыста қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Дәрігерлер мен құтқарушылар тұрғындарды сақ болуға шақырады. Келесі аптада ыстықтың беті қайтады деп күтілуде.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков