Идеясын табандылықпен іске асырып, дәулеті әулетінен асып, экономиканың ілгері басуына үлес қосып жүрген қыз-келіншектер баршылық. Қазір шағын және орта бизнестің 43%-ы әйелдерге тиесілі, олардың меншігіндегі кәсіпорындарда жүз мыңдаған адам жұмыс істейді.
Дәстүрлі «Women In Business» халықаралық форумы әр саланың көшбасшысы атанған 350-ден астам әйелдің басын қосты. «Halyk Bank» басқарма төрағасы Үміт Шаяхметованың айтуынша, елімізде ер адамдарға қарағанда әйелдер 26%-ға аз табыс табады.
«Мұның бір шешімі – әйелдер кәсіпкерлігін қолдау. Біздің «Бизнестегі әйелдер» бағдарламамыз арқылы 2018 жылдан бастап әр өңірден 600-ден астам әйел 6-8%-дық мөлшерлемемен 7 млрд теңгеге дейін несие алды», дейді.
Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы өңірлік директоры Татьяна Проскурякованың сөзінше, аймақтағы әйелдер құқығын кеңейтудегі жетістіктерге қарамастан, кәсіпкерлікте әлі де кедергі бар.
«Гендерлік теңдік – әділдік мәселесі ғана емес, сонымен қатар өңір елдерінің экономикалық әлеуеті. Егер әйелдер экономикаға ерлермен тең дәрежеде араласса, онда елімізде ІЖӨ 27%-ға, Тәжікстанда 63%-ға дейін өсер еді. Жағдайды өзгерту үшін бизнесті дамытуда меншіктік, мұрагерлік және әйелдердің қаржылық қызмет пен несие қаражатына қол жеткізуді жеңілдету мәселелерінде заңнамалық кепілдіктерді қамтамасыз ету қажет», деді.
«Techno Women» коммерциялық емес ұйымының басқарма төрайымы Азиза Шөжееваның пікірінше, жасанды интеллектінің пайда болуы, технологиялардың дамуы өз кезегінде пайдамен қатар тәуекел де тудырады.
«Қазір бәріміз жаппай цифрландыру әлемінде өмір сүріп жатқандықтан цифрлық технология мен ЖИ мүмкіндіктері көпті алаңдатады. Болашағымыздың қандай болары белгісіз. Бірақ жасанды интеллект адамның бір қасиетін алмастыра алмайды. Біздің күшті жағымыз – эмоция мен эмпатиямыз. Ал кәсібін жүргізіп жатқан қыз-келіншектердің күштілігі – жанашырлығы мен сезімталдығында», дейді ол.
Форум ұйымдастырушысы Ақеркін Ералиева «Women in Business» – жай ғана форум емес, бұл – бизнес философиясы, ақпараттық дау-дамай мен нетворктің сапалы деңгейінің трансформациясы дейді.
«Биыл біз әйел кәсіпкерлер жаңа қауіп-қатерлерге қалай қарсы тұрып, макроэкономикалық өзгерістерден ақпараттық қауіпсіздікке дейінгі жаһандық мәселелерді шешуге қалай ықпал ете алатынын талқыладық. Әйелдер бизнесіне жаңа мүмкіндіктер ашып жатқан цифрлық трансформация мен жаңа технологияларға баса назар аударылды», деп қорытындылады.
АЛМАТЫ