Дастан Сәтпаев еліміздегі ең қымбат футболшы атанды

Жаңа күн

Азия үздіктері Астанаға жиналады. Байрақты бәсеке алдағы айда, яғни шілденің 4-і мен 10-ы аралығында өтеді .

Жасөспірімдер мен жастар бәсекесіне 27 елден 300-ге жуық қатысушы жиналады деп күтіліп отыр. Қазақстандық қыз-жігіттер барлық жас деңгейінде және барлық салмақта сынға түседі. Яғни 32 спортшымыз жүлдеге таласады. Оның ішінде Едіге Емберді, Ерасыл Сәулебеков және Денис Полубояринов сияқты болашағынан зор үміт күттіретін спортшылар бар. Ұлттық құрама өкілдері қазір Алматыдағы олимпиадалық даярлау орталығында жаттығуды пысықтап жатыр. Айта кетейік, жасөспірімдер мен жастар арасындағы соңғы Азия чемпионаты былтыр Қатар астанасы Дохада өтті. Оның барысында ұлттық құрама өкілдері 12 алтын, 9 күміс және 12 қола медаль еншілеп, жалпы командалық есепте бірінші орынға жайғасты. Биыл да, әрине, осы көрсеткішті қайталау мақсаты тұр.

Кәсіпқой бокс кешіне дайындық

Дулат бастаған ұлттық құрама өкілдері кәсіпқой бокс кешіне қатысады. Жекпе-жектер 11 шілде күні Алматы қаласында өтеді. Бұл жөнінде белгілі спорт журналисі Уалихан Қосанбай хабарлады. Кәсіпқой рингке шығатындар тізімін Әлем және Азия чемпионатының жүлдегері Дулат Бекбауов бастап тұр. Бұған қоса ұлттық құрама сапындағы Илья Калинин мен Елнұр Сүйінбай да кәсіпқой бокста бақтарын сынап көреді. Ал олардың қарсыластары туралы ақпарат әзірге жарияланбады. Жалпы отандық бокста әуесқой бағытта жүрген жігіттердің, әсіресе ұлттық құрама өкілдерінің кәсіпқой шаршы алаңға шығуы кеңінен етек жайған. Бұл процесс ұлттық команда бапкерлерінің және федерация басшыларының рұқсатымен жүзеге асады. Басқа жағынан былғары қолғап шеберлері үшін жарыстар арасындағы ұзақ үзілісте тәжірибе жинап, шеберлік шыңдауға да жақсы мүмкіндік. Сондықтан қазақ жігіттеріне сәттілік тілейміз.

Дастан Сәтпаев – ең қымбат футболшы

Дастан еліміздегі ең қымбат футболшы. Transfermarkt порталы Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсетіп жүрген футболшылардың нарықтық құнын жаңартты. Оған сәйкес «Қайрат» клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев ең қымбат ойыншы атанды. Оның трансферлік құны 500 мың еуродан 1,8 миллион еуроға өскен. Яғни өте қысқа аралықта көрсеткіш шамамен төрт есеге жоғарылап, отандық футбол тарихындағы ең үлкен көрсеткіштердің бірін тіркеді. Дастаннан кейін тізімде тағы бір «Қайрат» футболшысы Валерий Громыко мен «Тобыл» ойыншысы Ислам Чесноков тұр. Олардың құны сәйкесінше 1,2 млн және 900 мың еуродан. Алдыңғы ондыққа Гиоргий Зария, Егор Сорокин, Әлібек Қасым, Назми Грипши, Осман Камара, Юг Станоев, Бранимир Калаица, Офри Арад және Макс Эбонг сияқты футболшылар кірді. Футбол клубтары арқылы салыстырар болсақ, алыңғы ондықта «Қайраттың» 5, «Астананың» 4» және «Тобылдың» 1 ойыншысы бар.

Дзюдодан әлем чемпионаты жалғасып жатыр

Бүгін Нұрлыхан мен Марат татамиге шығады. Будапешт қаласында дзюдодан жылдың басты бәсекесі әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Оған 93 елден 600-ге жуық қатысушы жиналды. Бүгін жарыстың алтыншы күні. Сәйкесінше тағы қос салмақта медальдар сарапқа салынады деген сөз. Яғни ерлер арасында 100 келідегі, әйелдер арасында 70 келідегі чемпиондар анықталмақ. Ерлер арасындағы сында қос қазақ жігіті жүлдеге таласады. Атап атйқанда, Нұрлыхан Шархан мен Марат Байкамуров бақ сынайды. Белдесулер біздің уақытпен 14:00-де басталады. Айта кетейік, әзірге Қазақстан құрамасы қоржынында бір күміс қана бар. Оны 48 келіде Әбиба Әбужақынова жеңіп алды. Cоның арқасында жалпы командалық есепте 9-шы орында тұрмыз. Топ басында Жапония болса, үздік үштікке Франция мен Грузия кірді. Будапешт қаласындағы әлем чемпионаты 19 маусымға дейін жалғасады.