Түркия Иран-Израиль шиеленісін реттеуге мүдделі

Жаңа күн

Түркия Израиль мен Иран арасындағы шиеленісті бейбіт жолмен шешу үшін арағайындық танытуға дайын. Бұл туралы Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоған Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкиянмен телефон арқылы сөйлесу барысында мәлімдеді. «Ресми Анкара Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерді қайта бастауға да ықпал ете алады», – деді Түркия президенті.

«Біз Израиль мен Иран арасындағы шиеленісті шешу үшін барлық дипломатиялық арналарды іске қосуға дайынбыз. Түркия бұл мәселеде арағайындық танытып, аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге өз үлесін қоса алады».

Түркия Республикасы президентінің коммуникация басқармасы

Иран-Израиль қақтығысы жаһандық нарыққа да әсер етті. Қазір Brent маркалы мұнайдың баррелі 73 доллардан асты. Қара алтын бағасының күрт көтерілуі Түркияда жанармай құнының қайта өсуіне әкеліп соқты. Дизель отыны бір тәулікте шамамен 23 теңгеге қымбаттады. Сарапшылардың айтуынша, егер Ормуз бұғазы жабылса, мұнай бағасы 150 долларға дейін өсіп, жанармай құны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетуі мүмкін.