Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары Франция төрінде. ЮНЕСКО-ның штаб-кеңсесінде әйгілі күйші-композиторы, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай Парижде көрме ашылды.
Көрмеге 70-ке тарта эскпонат қойылды. Оның ішінде көне музыкалық аспаптар мен күйшінің жеке заттары бар. Сондай-ақ компазитордың мерейтойы ЮНЕСКО-ның маңызды даталар тізіміне енді. Бұл дәулескер күйшінің адамзатқа ортақ рухани мұраны дәріптеуші ретінде қосқан үлесіне халықаралық ұйымның берген бағасы. Көрмеге халықаралық дипломаттар, қазақ диаспорасының өкілдері келді. Жобаға Алматы әкімдігі, түркі мәдени мұрасы қоры, сондай-ақ Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы өкілдігі қолдау білдірді.
Эрнесто Оттоне Рамирес, ЮНЕСКО бас директорының орынбасары:
- Ол қазақтың ұлттық дәстүрлі ән өнерін заманауи және батыстық аспаптармен ұштастыра білген бірегей тұлға. Әрі осы арқылы қазақ музыкасының өзіндік ерекшелігін әлемге таныта білді.
Дінзухра Тілендиева, Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» ансамблінің бас дирижері:
- Мұндай көрменің шетелде алғаш рет ашылу сәті. Кеудемді қуаныш пен мақтаныш сезімі кернеп тұр. Өзіміздің ұлттық аспаптарымызды көргенде қобалжығаным сонша, денем тітіркеніп, ерекше күйде болдым.
Ләззат Сағындықова, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры:
- Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – ол қазақ халының музыка өнерін, оның ішінде Нұрғиса Тілендиевтің қазақтың музыкасына сіңірген еңбегін насихаттау. Өзге ұлттың, өзге елдің өкілдері осы көрмені тамашалайды. Сондай-ақ біздің көрмеміздің тағы бір ерекшелігі көрмеге музыкалық аспаптарымызды қойғандықтан, QR код арқылы музыкалық аспаптарымызды көріп қана қоймай, оның дыбысын естуге мүмкіндік бар.
Биыл күзде Парижде «Отырар сазы» фольклорлы-этнографикалық ансамблінің жеке концерті өтеді. Демек Нұрғиса Тлендиевтің шығармалары ЮНЕСКО төрінде әлі талай шырқалады.